Жаңа оқу жылының басталуына байланысты қыркүйектің алғашқы күндері Алматы көшелеріндегі көлік пен жаяу жүргінші саны күрт артады. Қала әкімдігі кептелісті азайтып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қабылдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мектептерге 300 автобус қатынайды
Алматыдағы 60 мектепке 300 автобус бөлінеді. Арнайы көлік 13 мыңнан астам оқушыны тасымалдайды. 1 қыркүйек күні таңертең білім беру мекемелерінің маңында, жаяу жүргіншілер өткелінде және қозғалысы қарқынды учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік атқарады.
Әкімдік ата-аналардан көлікпен мектептің дәл кіреберісіне дейін бармауды және баланы түсіретін қауіпсіз орынды алдын ала белгілеуді сұрады.
Қалаға қосымша 500 автобус шығарылады
Оқу жылының алғашқы екі аптасында қоғамдық көлік жұмысы күшейтіледі. Қазір Алматы бағыттарында 3200 автобус жүрсе, резервтен тағы 500 көлік шығарылады.
Қосымша автобустар жолаушысы көп бағыттарға жіберіліп, қарбалас уақытта қозғалыс аралығын қысқартуға тиіс.
Метро желісіндегі пойыз саны 11-ден 13-ке көбейеді. Таңертеңгі қозғалыс аралығы үш минутқа дейін қысқарады.
Мектеп маңындағы 140 кемшілік жойылды
Жаңа оқу жылы қарсаңында әкімдік пен әкімшілік полиция мектеп маңындағы жол инфрақұрылымын тексерген. Мамандар бағдаршам, жол белгісі мен таңбалардың жағдайына назар аударды.
Тексеру барысында анықталған 140-тан астам кемшілік жойылды. Қажетті жұмыс барлық білім беру мекемесінің маңында жүргізілген. Мектеп аумағы тәулік бойы бейнебақылауда болады.
Ауыр жүк көлігіне бақылау күшейеді
Қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көлігінің қозғалысы қатаң бақыланады. Салмағы сегіз тоннадан асатын көліктерге белгіленген учаскелермен сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруге тыйым салынған.
Шектеу қаланың тіршілігіне қажет тауар мен қызметті тасымалдайтын көлікке қолданылмайды.
Қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуі мүмкін
Қала орталығында орналасқан ірі компанияларға, банктер мен өзге ұйымдарға қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлерінің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру немесе жұмыс күнін икемді кестемен бастау ұсынылды.
Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдары да 1–5 қыркүйек аралығында қызметкерлерінің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге көшіру шараларын қабылдайды.
Қала тұрғындарына таңғы қарбалас уақытта жеке көлікпен аса қажет емес сапардан бас тартып, бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылды. Әкімдік мүмкіндік болса, автобус пен метроны пайдалануға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







