Алматы прокуратурасы атышулы Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысы бар компания заңсыз иемденген «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100% үлесін мемлекетке қайтарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әңгіме 2015 жылғы жекешелендіру туралы болып отыр. Сол кезде «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100% үлесі, сондай-ақ Алматының Әуезов ауданындағы ауданы 2108,3 шаршы метр ғимарат пен оған тиесілі жер учаскесі жекенің қолына өткен.
Әуезов ауданының прокуратурасы келісімді заңсыз деп танып, сотқа талап арыз түсірген-тін. Жоғарғы сот прокуратураның талабымен келісіп, нарықтық құны 1,3 млрд теңге болатын активтерді мемлекет меншігіне қайтаруға шешім шығарыпты.
Еске салайық, экс-мәдениет министрі әрі Ұлттық музейдің экс-директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған еді. Оған «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесіне бөлінген 146 млн теңгені жымқырды деген айып тағылған. Кейінірек жалпы залал көлемі 7 млрд теңгеге дейін өсті.
Сонымен қатар Мұхамедиұлына Қазақстанның сакралды нысандарын 3D-сканерлеу мен ұлттық киноколлекцияны цифрландыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген де айып тағылған. 2023 жылдың маусым айында сот Арыстанбекті сегіз жылға бас бостандығынан айырды.
Бұған дейін Мұхамедиұлының тұсында су тегінге сатылып кеткен ірі нысан мемлекетке қайтарылған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







