Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қатысты жаңа жаза жүйесі енгізілуі мүмкін. Енді айыппұлмен ғана құтылып кететіндерге қосымша айып ұпайы жазылады. Бір жыл ішінде 20 ұпай жинаған жүргізуші 12 айға куәлігінен айырылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айып ұпайын есептейтін пилоттық жоба Астана, Алматы және Шымкент қаласында сынақтан өтіп жатыр. Жаңа тәртіп бойынша әр жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушіге негізгі айыппұлмен қатар 1-ден 3 ұпайға дейін жазылады. Ұпай саны тәртіп бұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленеді.
Жүйеге қажетті дерек Бас прокуратураның әкімшілік істер жөніндегі бірыңғай базасынан алынады.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, мұндай тетік жүргізушіні жазалау үшін ғана емес, жолдағы тәртіпке үйрету үшін қажет.
«Жүйе ең алдымен жүргізушіні тәртіпке шақыруы керек. Адам шекті ұпайға жақындағанын сезгенде, неге қайта-қайта ереже бұзып жүргенін ойлануы тиіс. Алматыда веложолаққа немесе автобус жолағына қойылған көлікті жиі көреміз. Балдық жүйе енгізілсе, жол ережесін сақтау деңгейі артады деп күтеміз», – деді сарапшы.
Ішкі істер не дейді?
Ішкі істер әзірге ешкімге нақты шектеу қолданылып жатпағанын мәлімдеді. Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, 20 ұпай жинаған жүргізушілерге қатысты құқықтық шара қабылданбайды. Сынақ кезеңіндегі мәліметтер жүйенің қалай жұмыс істейтінін бағалау үшін ғана пайдаланылып отыр.
Министрлік ұпай есептеу тәртібін де түсіндірді. Айып ұпайы сот шешімінен кейін немесе әкімшілік қаулы заңды күшіне енген соң ғана базаға енгізіледі. Демек жүргізушіге салынған айыппұлмен келіспесе, оны сот арқылы даулауға мүмкіндік беріледі.
Ұсынылып отырған тәртіпке сәйкес, бір жыл ішінде 20 ұпай жинаған адам жүргізуші куәлігінен 12 айға айырылуы мүмкін. Мемлекеттік органдар куәліктен айырылған мерзім аяқталған соң емтиханды қайта тапсыру талабын енгізу мәселесін де талқылап жатыр.
Жүйені толық іске қосу үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізілуі керек. Сенат депутаты Марат Қожаевтың айтуынша, қазіргі айыппұл кейбір жүргізушілерге сабақ болмай қалған.
«Әкімшілік айыппұлдардың бір бөлігі профилактикалық міндетін толық атқарып отырған жоқ. Қалтасы қалың кейбір жүргізуші үшін айыппұл тәуекелдің құнына айналды. Мұндай көзқарас жол қауіпсіздігіне кері әсер етеді», – деді депутат.
Жаңа балдық жүйені енгізу жөніндегі түпкілікті шешім пилоттық жоба толық аяқталып, оның нәтижесі жан-жақты талданғаннан кейін қабылданады
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







