Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өз жұмысын бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
7 мамыр күні өткен съезге Қазақстанның барлық өңірінен шамамен мыңға жуық делегат қатысты. Жиын барысында партияның жарғысы мен бағдарламасын бекіту, сондай-ақ басқарушы органдарды анықтау жоспарланған.
Партия өз идеологиясының негізіне әділет, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму ұстанымдарын енгізіп отыр. Бағдарламада «Заң мен тәртіп» қағидаты басты тірек ретінде көрсетілген.
«Әділет» Қазақстанда адал еңбек әділ бағаланатын жүйе қалыптастыруды мақсат ететінін мәлімдеді. Партия өкілдерінің айтуынша, елдің технологиялық, интеллектуалдық және институционалдық дербестігін күшейту негізгі бағыттың бірі болады.
Бағдарламада адам капиталына ерекше назар аударылған. Денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет және креативті индустрияны дамыту мәселесі алдыңғы қатарға шығарылған. Әсіресе медицина саласында формальды есеп емес, адамның денсаулығы негізгі өлшемге айналуы керек деген ұстаным айтылды.
Партия өңірлік саясатқа да басымдық беріп отыр. «Әділеттің» пікірінше, елдің бәсекеге қабілеттілігі аймақтардың теңгерімді дамуымен өлшенеді. Сондықтан әр өңір орталық тарапынан әділ назар көруі тиіс.
Сыртқы саясат мәселесінде партия Қазақстанды халықаралық аренада жауапты орта держава және жаһандық қайшылықтарды теңгеруге қабілетті тұрақтандырушы күш ретінде дамыту идеясын ұсынады.
Сонымен қатар партия саяси жауапкершіліктің жаңа моделін енгізетінін жариялады. Атап айтқанда, әр партия сайлаушылар алдында өз бағдарламасындағы әр тармақ бойынша тұрақты түрде ашық есеп беріп отыруы керек деген ұсыныс айтылды.
«Әділет» партиясы цифрлық платформасын да іске қосқан. Онда азаматтар партияға мүше болуға өтініш беріп, қоғамдық бастама ұсынып, талқылауға қатыса алады.
Партия мәліметінше, қазіргі таңда ұйым құрамында 9812 адам бар. Осылайша заң бойынша қажет 5000 мүшелік межеден асқан. Сонымен бірге әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы ең аз 200 адамдық талап та орындалған.
Еске салсақ, 15 сәуір күні бастамашыл топ жаңа партия құру ниетін жариялаған болатын. Ал 16 сәуірде Әділет министрлігі тиісті хабарламаны қабылдағанын растады. Бүгінгі құрылтай съезі сол процестің негізгі кезеңдерінің біріне айналып отыр.
Қазақстан саяси алаңында соңғы жылдары жаңа партиялар туралы әңгіме жиілегенімен, нақты ұйымдасқан құрылым аз болды. Сондықтан «Әділеттің» құрылтай съезі формальды тіркеу рәсімі ғана емес, саяси қатысу мәдениеті мен өкілді демократия институттарының қалай өзгеріп жатқанын көрсететін оқиға ретінде бағалануда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








