Қызылорда қаласының прокуратурасы шетелдік ірі инвестор «TEMA RETAILKZ» серіктестігінің қызметіне заңсыз араласқан жергілікті мемлекеттік орган басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Кәсіпкерлік қызметке негізсіз шектеу қойған лауазымды тұлғаларға ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Негізсіз шектеу және прокуратураның араласуы
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы халықаралық бөлшек сауда желісін басқаратын инвесторлық компанияға қатысты жедел әрекет ету шарасын қолданған. Алайда шенеуніктер заң талабын белшеден басып, аталған шешімді қадағалаушы органмен алдын ала келіспей, өз беттерінше қабылдаған.
Тек шешім шығарылып қойғаннан кейін ғана құжатты бекіту үшін прокуратураға жолдаған. Тексеру жүргізген қадағалаушы орган мемлекеттік мекеменің инвесторға қойған талаптарының толықтай негізсіз екенін анықтап, шешімді мақұлдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Қалалық прокуратураның облыстық департаментке енгізген қадағалау актісінен кейін инвесторға қатысты заңсыз қабылданған шектеу шарасының күші түгелдей жойылды.
Басқарма басшысы мен бас маман жазаланды
Кәсіпкерлік субъектісінің құқығын таптаған мемлекеттік қызметкерлер жазасыз қалмады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы мен осы мекеменің бас маманына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі (кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу) бойынша іс қозғалды.
Сот қаулысымен заң бұзған лауазымды тұлғалардың әрқайсысына 432 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қадағалаушы орган инвесторлардың құқығын қорғау мен кәсіпкерлердің ісіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына жол бермеу басты басымдық болып қала беретінін ескертті.
«TEMA RETAILKZ» және инвестициялық қорғаныс
Аталған кәсіпорын – еліміздегі ең ірі бөлшек сауда брендтерінің бірі саналатын түркиялық LC Waikiki желісінің ресми өкілі әрі жүздеген отандасымызды тұрақты жұмыспен қамтып, қазынаға қомақты салық төлеп отырған шетелдік инвестор. Мұндай ірі компаниялардың өңірлердегі жұмысына кедергі келтіру елдің іскерлік беделіне тікелей көлеңке түсіреді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінде инвесторларға қатысты кез келген бақылау шаралары «прокурорлық сүзгі» арқылы өтуі тиіс. Қызылордадағы жағдай шенеуніктердің осы сүзгіні айналып өтіп, инвесторларға қысым көрсетуге тырысқанын көрсетті.
Ertenmedia ракурсы: Президент инвестиция шақырса, өңірлер жолын кесе ме?
Бұл оқиға орталық билік пен аймақтағы атқарушы органдар арасындағы үлкен алшақтықтың бетін ашып берді. Президент Тоқаев шетелдік мемлекеттерге жасаған әрбір сапарында халықаралық компанияларды Қазақстанға қаржы салуға үндеп, инвесторларға толық құқықтық қауіпсіздік пен ашық орта кепілдігін ұсынып жүр. Үкімет деңгейінде қаншама жеңілдіктер жасалып, арнайы кеңестер жұмыс істеуде.
Алайда мемлекет басшысы шетелдік капитал тарту үшін күш салып жатқанда, жергілікті жердегі орта буын шенеуніктер дайын келген инвестордың алдынан кесе-көлденең шығып, ойдан құрастырылған талаптармен жолын кесуге әуес. Тексеруші органдардың кәсіпкерге серіктес ретінде емес, айыппұл өндіретін немесе қысым жасайтын нысан ретінде қарайтын ескі әдеті әлі күнге дейін жойылмай келеді.
Инвестициялық климатты шынайы жақсарту үшін бизнеске негізсіз кедергі келтірген әрбір лауазым иесі мемлекеттік қызметтен біржола шеттетілуі тиіс. Сонда ғана өңірлердегі кабинеттер Президенттің стратегиялық бағытына кедергі келтіруді доғарады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







