Қазақстанда 7 триллион теңгені шетелге заңсыз шығаруға қатысы бар банктердің аты-жөні жарияланбайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжілісте өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова күмәнді операцияларға байланысты ірі банктерге жүргізілген тексерулердің жай-жапсарын баяндады.
«Екінші деңгейлі ірі банктерге инспекциялық тексеру жүргізілді. Кейбір банктер бойынша тексеру аяқталды, енді бірінде жалғасып жатыр», – деді агенттік басшысы.
Әбілқасымова нақты құқық бұзушылықтар анықталғанын растаса да, тексерудің қорытындысы мен банктердің атауларын жариялаудан бас тартты.
«Тексеру нәтижесінде белгілі бір заң бұзушылықтар анықталды. Бірақ реттеуші талаптарына сәйкес, банк атауы мен нақты бұзушылықтар туралы ақпарат жария етілмейді», – деді ол. Агенттік төрайымының айтуынша, қазір қадағалау жоспары бекітіліп, банктерге әкімшілік шаралар қолданылады.
Журналистер тексерулердің ауқымы жайлы нақтылап сұрағанда, Әбілқасымова заң бұзушылықтардың деңгейі әр банкте әртүрлі болғанымен, тексерілген мекемелердің басым көпшілігінде кемшіліктер табылғанын атап өтті.
«Тексеріс жүргізілген қаржы ұйымдарының барлығынан дерлік бұзушылықтар анықталды. Олардың саны мен дәрежесі әр банкте әртүрлі, бірақ бұдан артық ақпарат бере алмаймыз», – деді ол.
Қазіргі кезде…
Агенттік банктермен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бір банкі көрші елден түскен 7 триллион теңгені шетелге заңсыз шығарғанын айтып, жағдайды «сорақылық» деп атаған еді. Мемлекет басшысы заңсыз ақша аударымдарын қатаң бақылауды тапсырған болатын. Алайда кейінірек ресми сайттардан аталған ақпарат жойылды.
Кейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов алдын ала тексеру нәтижесінде ешқандай заң бұзушылық анықталмағанын мәлімдеді. Көп ұзамай ол қызметінен өз еркімен кеткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







