Алматы облысы білім саласындағы ауқымды реформалары мен тың бастамаларының нәтижесінде халықаралық деңгейде мойындалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ World Innovation Award 2024 сыйлығын жеңіп алып, әлемнің 128 елі арасында «Сапалы білім» номинациясы бойынша үздік шықты.
Соңғы жылдары өңір білім жүйесін кешенді дамытып, жаңа мектептер ашуға ерекше көңіл бөліп келеді. Атап айтқанда, бір жыл ішінде 19 мектеп салынып, 18 мың жаңа оқушы орны құрылды. Жеке инвесторлардың есебінен 5 заманауи мектеп бой көтерді. Осылайша, үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 39-ға азайды.
Өңірдің халықаралық деңгейде білім беру байланыстары да нығайып келеді. Биыл 12 оқушы Қытай жоғары оқу орындарының грантын иеленсе, Қонаев қаласында шетелдік университеттердің филиалдарын ашу туралы маңызды меморандумдарға қол қойылды.
Дарынды жастарды қолдау бойынша да нақты нәтижелерге қол жетті. Облыста іске қосылған «50 табысты мектеп» бағдарламасына 42 мың оқушы мен 3 мыңнан астам ұстаз қатысты. Нәтижесінде олимпиада жеңімпаздарының саны үш есе өсіп, 145-ке жетті. Оның ішінде 14 оқушы халықаралық жарыстардан жүлдемен оралды.
Өңірде білім инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл облыстағы 207 мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 236 заманауи кабинет жасақталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 590 млн теңге бөлінген.
Кешенді жұмыстардың арқасында мектептердің заманауи жабдықталу көрсеткіші 75,5%-ға жетсе, оқушылардың білім сапасы 66,1%-ға дейін көтерілді. Алматы облысының оқушылары республикалық олимпиадалардың жаратылыстану-математика бағытында командалық есепте екінші орынға ие болды.
Өңір басшылығы алдағы уақытта да білім саласына инвестицияны жалғастырып, осы жетістіктерді арттыруға ниетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

