Бұған дейін DALA INSIDE Париж олимпиадасы аяқталған cоң спортқа жауапты мемлекеттік мекемелерде тиісті аудит жүргізілетінін болжаған еді. Арна осы бағытта тағы да болжам жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Референдум біте сала Сол жағалау осы іске білек түре кіріскен сыңайлы. Майлы құйрығы креслоға желімделіп қалған спорт функционерлері жылы орнымен жылап-сықтап қоштасып жатқаны жайы бар.
Күні кеше Борис Иванищев қызметтен қуылды. Бөкең еліміздегі хәккей сүйерге қауымға өте жақсы таныс. Бюджеттің мойнына мініп алған, бірақ нәтижесі көңіл көншітпейтін «Барыстың» бас директоры», — деп жазылған арна дерегінде.
Париждегі фиаскоға тікелей жауапты Туризм және спорт министрі Ермек Мыржақпаевтың ұзаққа бармасын оқырман алдымен DALA INSIDE-тан естіген еді.
«Бізге жеткен мәлімет бойынша Сол жағалау оның орнын басқан Ербол Мырзабосыновқа толық карт-бланш берген. Су жаңа министр спорт саласын асты-үстіне шығарып, толық тазалау жүргізуге тас-түйін дайын отыр. Ілгерідегі Боря, Борис Иванищевтың қызметінен қуылуы енді-енді көтеріліп келе жатқан дауылдың басы ғана.
Алдағы уақытта бюджеттің ақшасын еміп, талай жыл бойы бір орында тапжылмай отырған спорт менеджерлері жаппай «тағынан таяды», — дейді осы тұста DALA INSIDE дереккөзі.
«Барыс» хәккей клубының екі тізгін, бір шылбырын ескі Қазақстанның белді өкілі — Асқар Мәмин ұстаған еді.
«Біздің болжауымызша ауыс-түйістің алды «Барыстан» басталуы бекер емес. Демек, жақын күндері мызғымастай көрінген Мәминге қатысты сауалдар туындауы мүмкін. Барыс? Клубты шын мәнінде сіз бен біз «асырап» отырмыз. Былтыр осы клубқа ел қазынасынан 8,5 млрд теңге (!) бөлінген. Ал, нәтиже нөл. «Барыс» биылдыққа 14 ойын өткізіп, соның 12-сінде ойсырай ұтылған.
Толық карт-бланш берілген су жаңа министр клубтың көрсеткіштері үшін екі адам жауапты екенін білетін секілді. Мұның бірі — 2006 жылдан бері «Барысты» басқарып келген ілгерідегі Борис Иванищев пен хоккей федерациясының басшысы — Асқар Мәмин», — деп жазылған деректе.
Дереккөзге сүйенсек, бұған дейінгі ешбір министрдің Иванищев-Мәмин тандеміне тісі батпаған. Арнаға жеткен мәлімет бойынша Мырзабосынов тек бұл екеуімен шектелмейді. Ас ішіп, аяқ босатудан өзгені білмейтін басқа да федерация басшылары мен спорт менеджерлерінен соңғы күндері маза кеткен.
«Әзірге қармаққа майда шабақтар ғана ілігіп жатыр. Ендігі кезек – шортандар мен акулаларда. Толық карт-бланш берілген жаңа министр спорттағы «жатыпішерлер мен арамтамақтарды» саладан түбегейлі қуады», — дейді DALA INSIDE дереккөзі.