Сот депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты іс бойынша шешім шығарды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Нұрасыл Болаттың бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығын айыру жазасына ауыстырылды. Ол өзінің қалған мерзімін, яғни бір жарым жылдан аз уақытты қауіпсіздігі орташа колонияда өткізеді», — деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Жоғарғы Сот Н.Болатқа екі немесе одан да көп адамның денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін (ҚР ҚК-нің107-бабы 2-бөлігі 1-тармақшасы бойынша) 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын.
«Болат пробациялық бақылаудың 3 рет заңбұзушылықтарына жол берген, ол зерттелген дәлелдемелермен расталған. Осылайша, сотталушы жазасын өтеу тәртібімен шарттарын қасақана бұзған. Н.Болатқа бас бостандығын шектеу түріндегі жазасы өтелмеген мерзімге 1 жыл 5 ай 10 күнге бас бостандығынан айырумен ауыстырылды», — деп жазылған мәліметте.
Айта кетейік, Алматы қаласының №2 Медеу аудандық сотында Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты іс қаралды. Сотта Қуандық Бишімбаевты қорғаған танымал адвокат Назкен Құсайынова бұл жолы Нұрасыл Болаттың мүддесін қорғады.
Ол соттан Болат Нұрасылды бас бостандығынан айырмауды өтінді. Сотталушының өзі сотта «өкінгенін» айтты.
Бұған дейін сот талқылауы барысында Медеу ауданының пробация қызметінің өкілі 21 жастағы Нұрасыл Болат пробациялық бақылауды бірнеше рет бұзғанын хабарлаған болатын. 2024 жылдың мамыр айында Нұрасыл Болат адвокат Олег Черновты және оның әйелі Аннаны ұрғаны үшін екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын алған.
Нұрасыл Болат Алматының пробация қызметінде есепте тұр. Бұл сотталған адам түнде ешқайда шықпау керек дегенді білдіреді.