Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, білім мен адами капиталды ел дамуының ұзақ мерзімді басымдығы ретінде айқындады. А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» Ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ Талдау, мониторинг және бағалау департаментінің директоры Гүлсәуле Қайраттың пікірінше, жаңа Негізгі заң мемлекетке заман өзгерісіне бейімделген білім саясатын қалыптастыруға берік құқықтық негіз береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін әлем жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы, цифрлық трансформация, климаттың өзгеруі және еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістер мемлекеттерден даму басымдықтарын қайта қарауды талап етіп отыр. Осындай кезеңде Конституцияны тек мемлекеттің Негізгі заңы ретінде қабылдау жеткіліксіз деп ойлаймын. Ол қоғамның алдағы онжылдықтардағы даму бағытын белгілейтін стратегиялық құжатқа айналады.
Сондықтан Конституцияның жаңаруы уақыт талабынан туындаған заңды қадам. Қоғам өзгерген сайын мемлекет институттары да жаңа сын-қатерге бейімделуі қажет. Әсіресе білім беру жүйесіне жүктелетін жауапкершілік күшейіп келеді.
Бүгінде мәселе білім сапасын арттырумен ғана шектелмейді. Өңірлер арасындағы білім теңсіздігін азайту, ауыл мектептерінің әлеуетін күшейту, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту маңызды.
Еңбек нарығы да жылдам өзгеріп жатыр. Ертең қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын бүгіннен болжап, мектеп пен колледж түлектеріне жаңа экономикаға қажет дағды беруіміз керек. Цифрлық сауаттылық, жасанды интеллектімен жұмыс істеу, сыни ойлау, ақпаратты талдау және жаңа білімді өз бетінше игеру қабілеті адамның бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі құзыретке айналып келеді.
Сол себепті Конституцияда білім мен адами капиталды дамытуға берілген басымдықтың мәні ерекше. Бұл мемлекеттің сапалы әрі қолжетімді білімге инвестиция салуына, әр азаматтың қабілетін ашуға және елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Менің ойымша, функционалдық сауаттылық пен өмір бойы білім алу мәдениеті де жаңа білім моделінің өзегінде тұруы қажет. Диплом алу білім алудың соңғы нүктесі болудан қалды. Технология өзгерген сайын адам да кәсіби білімін жаңартып отыруға тиіс.
Жаңа Конституция заң үстемдігін нығайтып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағдар береді. Алайда кез келген құқықтық реформаның шынайы нәтижесі оның мәтінінде емес, күнделікті өмірде қалай орындалатынымен өлшенеді.
Сондықтан жаңа конституциялық нормаларды іске асыру тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Қоғам да өзгерістерге белсенді қатысуы қажет. Білімді, жауапкершілігі жоғары және жаңа технологияны игере алатын азамат қалыптасқанда ғана Конституцияда белгіленген стратегиялық мақсаттар нақты нәтижеге айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







