Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Biz Birgemiz Qazaqstan қорының басшысы болған Перизат Қайратқа қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Әшімбаев түрлі іс-шараларға жиі қатысатынын түсіндірді. Ондай орындарда көп адаммен кездесетінін айтады. Оның сөзінше, Перизат Қайратпен тығыз қарым-қатынаста болмаған.
«Мен онымен жақын таныс емеспін. Мен қоғамдық адам ретінде әртүрлі іс-шараға қатысамын. Осы іс-шараларда әр апта сайын көп адаммен кездесем. Өткен жылдары, мүмкін, ол қандай да бір іс-шараларда болған шығар, бірақ мен онымен тығыз қарым-қатынаста емеспін», — деді ол.
Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдары бұл іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын айтты. Егер кінәсі дәлелденсе, онда үкім қатаң түрде шығарылатынына сенімді.
«Ешкімде тергеу өте объективті, мұқият болатынына күмән болмауы керек. Олар барлық фактіні анықтайды. Егер ұрлық пен тиісті жауапкершілік болса, ол адамдар жазаланады», — деді ол.
Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
«Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді», — деп хабарлады агенттік бұған дейін.
Мәліметке сүйенсек, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына жұмсалған.
«Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған», — деп жазылған агенттік мәліметінде.
Артынша ҚМА оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын хабарлады.
«2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. «Sensata Plaza» элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге «Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic» жаңа автокөлігін сатып алды. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ—де «Rolex», «Prada» және «Fendi» брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды», — деп жазылған хабарламада.