Шерзат Болаттың ағасы суицид жасағанын туыстары жоққа шығарады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Orda.kz-ке сілтеп.
9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, өлім себебі — суицид. Денесінде зорлық-зомбылық іздері анықталмады деген ақпарат берген болатын.
Басылым дерегінше, Ғайыпбаевтың отбасы суицид нұсқасын үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Бұл туралы оның әпкесі айтып берген. Қазіргі уақытта туыстары пікір білдіруден бас тартып, кез келген түсірілімге тыйым салған.
Олардың айтуынша, марқұмның денесі мәйітханада жатыр, ал полиция өлімнің мән-жайын тергеп жатыр.
«Ол ешқандай да суицид жасаған жоқ. Асылып қалды деген сөз өтірік. Оны асып кетті. Қазір Қаржаубай моргта жағдайды анықтауда. Қалғанын адвокаттар айтады», – деп қысқа қайырды әпкесі Бақыт басылымға.
Еске салайық, бүгін Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылғанын хабарлады.
Полиция марқұм Шерзат Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын да мәлімдеді.
«Марқұмның отбасына қатысты қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің сөзінше, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлікпен кетке. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жарияланбайды», — деп жазылған хабарламада.