Танымал нумеролог Құралай Бақытқызы шенеуніктер, танымал адамдар неге нумерологтарды жағалайтынын жайып салды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Құралай Бақытқызы үлкен компания басшылары, жоғары лауазымды шенеуніктер нумерологтардың көмегіне не үшін жүгінетінін айтты.
«(Нумерология — еск.) қазір өте трендте. Үлкен компания не болмаса бизнес ашқанда, маңайына команда жинаған кезде Кайдзен нумерологиясы деген бар. Сандар бойынша адамға орынбасарын, логистика бөлімінің бастығын, кадр бөлімінің бастығын, маркетинг бойынша мықты мамандарды жинап жеруге болады. Қазір басшылар сол бойынша өзіне күшті команда жинап алады. Команда деген ол — бүкіл өміріне күшті стратегия», — дейді ол Adal ADAM-ға берген сұхбатында.
Нумеролог өзіне қандай жағдайда шенеуніктер жүгінгенін әңгімелеп берді.
«Бізде құпия ғой. Саясаткерлер де келетін кездер болады. Кейде халыққа жанашыр, саясатқа жақын жүрген адамдар келеді. Бірақ «елімізде жақсы заман болуы үшін не өзгерту керек?» дейді. Маған бір шенеунік келіпті. Кім екенін айтқан жоқ. Мен шенеунік екенін білдім. Қай жерде отырғанын білмеймін. Ол кісі «мен халыққа, жоғары жаққа әсер ете аламын. Халық бұған дейін өмірі көтеріліс жасап көрмеген, қандай күндер өте қатты әсер етеді? Біздің Конституция, Тәуелсіздік датасы қандай? Неге сол бойынша көп айтасыз? Қырғызстанның Конституция датасы да, Тәуелсіздік датасы да дұрыс таңдалмаған ғой. Бізде 16 желтоқсан күшті дата таңдалған. Бірақ біздің ел неге осындай?» деді. Мен кезінде бір дата — 25 қазан болғанын айттым. «Соны қайта алып кетсе, біздің елде үлкен өзгеріс болады, Жақсы өзгеріс болады» дедім. Ол «2 жыл уақыт бер, 2 жылдың ішінде қайтып келеді» деді. 2-3 жылдың ішінде ол дата біздің елге қайтарылды. Ол — Қазақстанның шенеунігі, атын айта алмаймын», — деді Құралай Бақытқызы.
Нумеролог «әкімдер өзінің қызметіне жүгіну үшін келе ме?» деген сауалға да жауап берді.
«Өңірлердің әкімдері келеді. Астана мен Алматының әкімдері өзіме жеке келген емес. Аудандардан келген. Ол құпия. Келіп болжам алып кетеді. Депутаттыққа ұсынып жатқанда, «осы жерде қалған дұрыс па немесе депутаттыққа барайын ба?» деп әкімдер келген. Әкімдерден гөрі жұлдыздар көбірек келеді», — деді ол.
Құралай Бақытқызы барлық басшыда нумеролог барын, бірақ ешкім айтпайтынын жеткізді.
«Хандардың тұсында да жұлдызнамалар болды ғой. Қазір неге нумеролог, цифрологтар көбейіп кетті? Бұрынғы кезде хандар өздерінің қасында ғана сондай адамдарды ұстаған, бірақ оны жарияламаған. Псевдо ілім болып қала берген. Қазір ол таратылып кетті. Бұрын хандардың қасында түс жорушысы болған. Нумерология бұрыннан келе жатқан ілім ғой. Жоғары қызметте отырған азаматтардың 90 пайызында жүгінетін нумерологтары бар», — деді ол сұхбатында.
Сондай-ақ, нумеролог Құралай Бақытқызы Назарбаев 9 санына жақын екенін, алайда жанына «шестеркаларды» жинағанын айтты.
«Сандардың ең үлкені — 9. Назарбаев 9 санына жақын. Кеткен кезде сондай датаны таңдады. 9-9-9. Оны байқадық. Бұл адамның ми өрісі өте тез, ерекше жұмыс істейді. Түпсанасы ашық. Назарбаев маңайына ылғм алтылықтарды жинайды. Өзі алтылық қой. Алтылықтар еңбекқорлар. Назарбаев — екі алтылық, Кәрім Мәсімов — екі алтылық. Назарбаевтың қасындағы адамдардың бәрі — шестеркалар. Назарбаев нумерологтармен кеңесе отырып, «шестеркаларды» жинаған болуы мүмкін. Қазіргі Президент жүгіне ме, жүгінбей ме, ол — сұрақ. Өйткені ол кісі қатты қызығушылық танытпайды. Назарбаевта түс жорушы, астролог, нумеролог көп болды деп ойлаймын», — дейді Құралай Бақытқызы.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың сотында бірнеше рет экстрасенстер тақырыбы да көтерілді. Алғашында жәбірленуші тарап өкілі Бишімбаев Нүкенованы экстрасенстерге мәжбүрлі түрде апарғанын мәлімдеді.
«Менің білуімше, Қуандық үнемі балгерлерге, экстрасентерге барып жүрген. Салтанатпен кездескенге дейін де қандай да бір сұрақтармен жүгініп отырған. Балгер «иә, сендерде бәрі жақсы болады, ол сені жақсы көріп қалады» деген. Маған айтқан күні Салтанатты ала барған… Салтанат та Бишімбаев әртүрлі сұрақпен балгерлерге жиі жүгінгенін айтты», — деді Айтбек Амангелді.
Кейін Бишімбаевтың өзі де Салтанат қиналып жатқанда жедел жәрдемге емес, балгерге хабарласқанын айтты.
«Ұйықтап қалдық, сағат 13:30-да оны оята бастадым. Ол оянған жоқ. Сол жақ бетінде көгерген үлкен із бары және мұрны ісігені байқалды. Мен қатты уайымдап кеттім. Таныс балгерге қоңырау шалдым. Оған оянғанбағанын, көгерген жерін айттым. Ол 10 минуттан кейін қайта қоңырау шалуымды өтінді. Мен қайта қоңырау шалдым, ол «жай ғана шаршаған» деді. Менің жүрегім орнына түсті», — деді айыпталушы.
Кейінірек белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев Қуандық Бишімбаевтың сотта экстрасенстер туралы айтқаны қазақстандық шенеуніктердің қандай екенін көрсетіп бергенін айтты.