Кейінгі екі аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мемлекеттік құрылымдарда тағайындау жүргізді. Бірі — Түркістан облысы, енді бірі — Әділет министрлігі, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Жаңа жыл Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды үшін жаңа қызметтен басталды. 6 қаңтарда ол Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Оңтүстік өңірде тамырын әбден жайған, бір кездері Шымкенттің әкімі (2013 жылдары) болған Дархан Сатыбалды Түркістан облысын басқаруға 2022 жылғы 31 тамыздан бастап кірісіпті. Араға 3 жылдай уақыт салып Түркістан облысынан Президент әкімшілігіне ойысты.
Бұл турасында сарапшылардың пікірі төмендегідей:
«2023 жылдың 1 қыркүйегінде Тоқаев Президент әкімшілігі басшысының орынбасары деген қызметтерді жойып тастаған еді. «Президент әкімшілігінің құрылымы өзгерді. Енді бұл мекеме Үкіметтің үсітнен қарамайды. Үкімет дербес жұмыс атқарады. Президент әкімшілігі тек Президент іс-қағаздарымен айналысады» деген болатын. 1 жарым жыл өтпей жатып, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары деген қызмет қайтадан пайда болды. Оған Түркістан облысын басқарған Дархан Сатыбалды тағайындалды», — деді Ara Media арнасы.
Арна мәліметінше, Президент әкімшілігінде бұл қызметтің қайта пайда болуы Үкімет жұмысына тікелей әсер етеді.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл қызметке арнайы түсініктеме берді: «Ең бастысы Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын мұқият бақылауда ұстау қажет. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды осы жұмысты қадағалайды. Министрлер де, әкімдер де батыл шешім қабылдауға дайын болуға тиіс. Мен осыған дейін Үкіметтің алдында нақты міндет қойдым. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер бойынша барынша дербес шешім қабылдануға тиіс. Нақты нәтижелерді талап етемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қысқасы, Тоқаев жасаған саяси реформаның жетістігі — әзірге осы. Үкімет өздігінен жүріп-тұра алмайтын мешел сияқты. Үкімет мүшелері мен әкімдерден батыл шешім күтумен Тоқаевтың көп күні бос өтіп жатқандай», — деді Ara Media арнасы.
Айта кетейік, Дархан Сатыбалды қызметінен босатылған күні Нұралхан Көшеров Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
Ол бұған дейін, 2023 жылдан бастап Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған еді.