Қазақстанда жемқорлардың жария тізімі пайда болады. Бұл туралы 15 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді. Мәжіліс дәлізінде Антикор өкілі мұның мәнін де түсіндірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сарқұловтың сөзіне сенсек, бұл өзгеріс бюджеттен ешқандай шығынды талап етпейді.
«Біз бұл мәселеде басқа мемлекеттік органдармен жан-жақты жұмыс істедік. Бұл мемлекеттік тізілімді енгіземіз, ол ешқандай шығынға ұшыратпайды. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдар бойынша соттың соңғы үкімдері болады. Біз «Ұят болады» дейміз. Ұят болмас үшін олар осы тізімде болады», — деді Ұлан Сарқұлов Мәжіліс дәлізінде.
Антикор өкілі тізімге заң күшіне енгеннен кейін сотталған жемқорлар ғана кіретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.
Бұл заң жобалары аясында елде жемқорлардың ашық реестрін енгізу жоспарланып отыр.