Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты саяси қуаты зор, берік ұстанымы мен болашаққа қатысты айқын көзқарасы бар мемлекет қайраткері деп атады. Кремль өкілі мұндай пікірді журналист Павел Зарубинге берген сұхбатында айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Песковтің сөзінше, Тоқаев мол саяси ресурсқа ие. Ол Қазақстан басшысының табандылығын, бірізділігін және алдағы үдерістерді бағамдайтын қабілетін ерекше атап өтті. Ресей президентінің баспасөз хатшысы батыл мәлімдемелерді саяси салмағы жеткілікті тұлғалар ғана жасай алатынын жеткізді.
«Президент Тоқаев – саяси тұрғыдан өте қуатты адам. Оның ресурсы зор. Болашақты көре білетін, табанды әрі дәйекті адамдар ғана осындай пікір айтуға мүмкіндік табады», – деді Дмитрий Песков.
Кремль өкілінің пікірі Тоқаевтың Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен бірге өткізген баспасөз мәслихатынан кейін айтылды. Қазақстан Президенті сол жиында Владимир Путинді көрнекті мемлекет қайраткері ретінде бағалаған. Сондай-ақ оны Қазақстан және халықаралық қауымдастық үшін диалог жүргізуге қолайлы саяси тұлға деп атаған еді.
Песков осы мәлімдемені Тоқаевтың жеке саяси ұстанымы мен лидерлік қасиетінің көрінісі ретінде бағалады. Оның жауабынан Кремльдің Қазақстан Президентінің сөзін жоғары саяси қолдау ретінде қабылдағаны аңғарылады. Мәскеу Тоқаевтың пікіріне оның халықаралық беделі мен саяси дербестігін алға тарта отырып жауап берді.
Кілт сөздер: Қасым-Жомарт Тоқаев, Дмитрий Песков, Владимир Путин, Қазақстан, Ресей, Берлин, саяси мәлімдеме
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







