Өзбекстандық еңбек мигранттары жұмыс табу үшін Қазақстанға бағыт ала бастады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұл ақпаратты Gazeta.uz жариялады.
«2024 жылдың басында Қазақстанда 196,8 мың Өзбекстан азаматы жұмыс істесе, биылғы жылдың басында бұл көрсеткіш 322,7 мың адамға дейін артты», — деп хабарланды.
Өзбекстанның Көші-қон агенттігінің мәліметінше, Ресейде жұмыс істеуге деген қызығушылық айтарлықтай төмендеген. Биылғы жылдың басында Ресейде еңбек ететін өзбекстандықтар саны 2024 жылдың басындағы 1,2 миллионнан 698 мыңға дейін қысқарған. Дегенмен Ресей Өзбекстаннан баратын мигранттар саны бойынша әлі де алдыңғы қатарда қалып отыр.
Қазақстаннан кейін үшінші орында Түркия орналасқан, бірақ Түркиядағы мигранттар саны 119,8 мыңнан 88,7 мың адамға дейін төмендеген.
Миграция агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың басында шетелде шамамен 1,35 миллион өзбекстандық жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, мигранттардың отанына оралу үрдісі де жалғасып жатыр.
«2024 жылдың басынан қазан айына дейін Өзбекстанға шамамен 115 мың еңбек мигранты оралды», — делінген хабарламада.