Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі ресурстардың админдері мен желі қолданушыларына үндеу жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Министр Балаеваның айтуынша, мониторинг нәтижесінде онлайн платформаларда көбіне заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі тарайтыны анықталған.
Аида Балаева осы мәселеге байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтарды мұқият қадағалап, расталмаған ақпарат таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырды. Сонымен қатар, әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұрады.
«Миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, біздің министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін атап өткім келеді. Дегенмен желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс», — деп ескерту жасады министр.
Мәдениет және ақпарат министрі статистикалық деректерді де келтірді. Министрдің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жеткен. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар.
Былтыр онлайн платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылған.
«Кез келген мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлар – ауызбіршілік пен ынтымақ. Сондықтан бәріміз Мемлекет басшысы атап өткендей, нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты кілті саналатын заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануымыз қажет», — деп түйіндеді Балаева.
Айта кетейік, 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі кезде биліктің беделін түсіру, алауыздық тудыру үшін ақпараттық шабуыл белең алып бара жатқанын мәлімдеді.
«Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алып барады. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек», — деді Президент.