Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскери міндетін өтеуден жалтарып жүрген жастарды еріксіз көлікке тиеп алып кетуге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Әскерге шақыру алгоритмі бар, ол жергілікті әскери басқару, атқарушы органдар және полиция қызметінің қаулысымен бекітілген. Сіздер желіде тараған видеолардан бір бөлігін ғана көретін шығарсыздар, ал негізінде қызметтік куәлігін көрсетіп, көнбеген жағдайда ғана қолданылатын шара. Ішкі істер министрлігінің өкілі көлікпен алып кетуге міндетті. Бұл жерде Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері полицейлерге көмекші», — деген Шайх-Хасан Жазықбаев Мәжіліс қабырғасында.
БАҚ өкілдері министрдің орынбасарынан әскерге шақырылғандарды көшеден жеке көлікпен алып кетудің заңдылығын сұраған.
«Болған екі жағдай бойынша қызметтік тексеріс өтті, заң бойынша шара қабылданды. Бейнероликтегі жеке көлік Қорғаныс министрлігіне тиесілі шығар. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне тиесілі көліктермен тасымалдайды, жеке көлікпен тасымалдаса заңсыз», — деп толықтырды Жазықбаев.