Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс тіркелгенін растады, – деп хабарлайды ErtenMedia.
20 желтоқсанда әлеуметтік желілерде Ғайни Алашбаева ақша жымқыру ісі бойынша күдікті деп танылғаны туралы ақпарат тарады. Мәжіліс дәлізінде журналистер ҚМА басшысының орынбасарынан бұл мәліметтің рас-өтірігін сұрады.
Елемесовтың айтуынша, Алашбаева алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша күдікке ілінген.
«Перизат Қайраттың анасы Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс тіркелді. Әзірге оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ», – деді Елемесов.
Оның сөзінше, бұл іс бойынша басқа күдіктілер жоқ.
Айта кетейік, 2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдік тағылғанын хабарлады. Сондай-ақ, 2023 жылдың қарашасында ол Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллионын жеке мақсатта пайдаланған деген күдікке ілінді.
ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
16 қарашада Астана қаласының тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.