Бірер күнде Қасиетті Рамазан айы басталады. Бұл — ораза, құлшылық және рухани тазару уақыты. Осыған орай алматылық имам Рамазанда арақ-шарап сатпауға шақырды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
1 наурыз бен 29 наурыз аралығында әлем мұсылмандары ораза ұстап, ал 30 наурыз күні Ораза айт мейрамын тойлайды. Бұл туралы Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Рамазан – сабыр, игі істер және рухани кемелдену айы. Ораза – тек тамақ пен судан тыйылу ғана емес, жан дүниені тазартып, нәпсіні тәрбиелеу», – деп еске салды имам.
Оның айтуынша, қаладағы барлық мешітте тарауих намаздары оқылып, Құран хатым түсіріледі.
Жамағатқа ыңғайлы болуы үшін Алматы Орталық мешітінде «Рамазан шатырын» орнату жоспарланып отыр. Онда күн сайын 450 адамға тегін ауызашар беріледі.
Сонымен қатар, түрлі дәрістер мен рухани кездесулер ұйымдастырылады.
Имам кәсіпкерлерге үндеу жасап, Рамазан құрметіне әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын 10%-ға төмендетуге шақырды. Сонымен қатар, тұрғындарға қасиетті айда алкоголь өнімдерін сатудан және ішуден бас тарту ұсынылды.