Өскеменде «Қауіпсіз қала» акциясы аясында Amanat партиясының жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты полициямен ойын-сауық орындарына рейд өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Акцияның негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған жастардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде жүрмеуін қадағалау және кальян өнімдерін тұтынуға тыйым салу талаптарының орындалуын бақылау.
«Әр адамның жас буын алдында үлкен жауапкершілігі бар. Сондықтан жастарға заң ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіру қажет. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жастарға ұдайы айтып отыру – үлкендердің міндеті», – деді облыстық мәслихат депутаты Зоя Новолодская.
Рейд барысында жастар мен полиция қызметкерлері бірнеше ойын-сауық мекемесін тексерді. Акцияға қатысушыларға мекеме қызметкерлері мен келушілері түсіністік танытты, ешқандай агрессиялық немесе келіспеушілік жағдайлары болған жоқ. Өз кезегінде полиция қызметкерлері мекемелерде кальян өнімдерін пайдалану мен сату ережелерін, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болуына қатысты заң нормаларын түсіндіріп, профилактикалық әңгімелер өткізді.
Контекст
«Ішкі істер министрлігі 2025 жылды заң мен тәртіптің алдын алу жылы деп бекітті. Осыған орай бүгін Amanat партиясы мен облыстық депутаттармен бірлесіп, қаладағы көңіл көтеру орындарында профилактикалық іс-шаралар жүргізу үшін 60-тан астам қызметкер жұмылдырылды», – деп атап өтті Өскемен қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дархан Бұланов.
Бұл сияқты профилактикалық акциялар қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жайлы орта қалыптастыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







