Алматыда 460,6 миллион теңгеге бағаланған зәулім үй сатылымға қойылды. Бұл хабарландыру e-qazyna.kz порталында жарияланған. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Басылым бұл үй 2024 жылы наурызда өмірден өткен кәсіпкер Бақыт Ибрагимге тиесілі болғанын анықтаған. Полиция бұл оқиғаны «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша тергеген, бірақ қарашада қылмыстық іс жабылғаны белгілі болды.
«Бұл үй Ибрагим Бақыт Жасұзақұлына тиесілі болған. Нысан коммуналдық меншікке қабылданып, 2024 жылғы 23 ақпандағы Алматы әкімдігінің қаулысына сәйкес қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының балансына берілді», – деді Алматы Мемлекеттік активтер басқармасы өкілі басылымның сауалына.
Үйдің жалпы ауданы — 553,6 шаршы метр. Бұл үйді Алматы мемлекеттік активтер басқармасы сатып жатыр. Ол Бостандық ауданындағы Қарғалы шағынауданында, 2-көше, 48-үй мекенжайында орналасқан. Сонымен қатар, 0,14 гектар жер учаскесі мен қосымша шаруашылық құрылыстары да бірге сатылады.
Нысанның жалпы құны — 460,6 миллион теңге. Сатылым 5 наурызда басталады, кепілдік жарнасы 69 миллион теңгеден асады.
sauda.e-qazyna.kz
Жарияланған суреттер мен құжаттарға қарағанда үй екі қабатты және жертөлесі бар. Қанша бөлме бары көрсетілмеген. Ғимарат 2011 жылы салынған. Ауласында бассейн орналасқан, ал гаражда бірнеше көлік бар.
Алматы мемлекеттік активтер басқармасы мәліметінше, коммуналдық меншік нысандарын сатудан түскен қаражат жергілікті бюджетке жіберіледі.
Айта кетейік, 2020 жылы қарашада бұрынғы Qazaq Banki акционері Бақыт Ибрагим Bank RBK қаражатын жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2023 жылы оның люкс санатындағы Richard Mille сағаты 196,8 миллион теңгеге аукционда сатылған еді.
2024 жылы Бақыт Ибрагим жазасының өтелген мерзімін есепке ала отырып, бостандыққа шыққаны хабарланды. Ол БАҚ-та Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы ретінде де аталған болатын.