Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерін бопсалайтын блогерлерді жазалау қажет екенін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Шенеуніктің сөзінше, қазір өзін блогер санайтын кейбір адамдар бопсалаумен айналысып жүр.
«Олар білім беру мекемелеріндегі қандай да бір кемшілікті көрсе, сол туралы жариялаймыз деп қорқытып, басшылардан ақша талап етеді. Мұны жақсы білеміз. Ар-ұяттан безген осындай журналистер мен блогерлер бары елдің бәріне белгілі», — деді әкім орынбасары.
Оның айтуынша, мектеп директорлары осындай бопсалаушылардан қорқып, олардың талаптарын орындауға мәжбүр.
«Директорлар қорқып қалған. Олар туралы әлеуметтік желіде немесе БАҚ-та қандай да бір ақпарат шығады деп қорқып, блогерлердің айтқанын істеуге мәжбүр. Бірақ қазір біздің ұстанымымыз өзгерді. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, қорықпаңыз, олар жариялай берсін. Бірақ артынша дереу сотқа беріңіз. Бопсалаумен айналысатын блогерлер заң алдында жауап беруі керек. Павлодарда осындай бір блогер сотталып кетті. Мұндай жағдайлар аз емес», — деді Сәрсен Құранбек.
Еске салайық, биыл 23 қаңтарда Алматыда да блогерлер ақша бопсалағаны үшін ұсталды.
Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды.