Алматы облысы білім беру саласында қарқынды дамып келеді. 2025 жылы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде студенттер мен оқушылардың білім сапасын және кәсіби дағдыларын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Солардың бірі – 2025 жылғы 2-4 сәуір аралығында өткен алғашқы халықаралық кәсіптік шеберлік фестивалі TAIQAZAN-2025. Бұл байқауға колледж студенттері қатысып, қатысушылардың жұмыстарын Сауд Арабиясы, Түркия, Италия және Ресейден келген 25 халықаралық сарапшы бағалады. Байқау нәтижесінде түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың қатарында Алматы облысы, Алматы қаласы, Түркістан, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының өкілдері бар. Атап айтқанда, «Тігін өндірісі және киім үлгілеу» номинациясында бірінші орынды Алматы облысының командасы жеңіп алды.
Бұл – өңір студенттерінің жоғары деңгейде дайындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар, облыста 2025-2026 жаңа оқу жылына бірінші сыныпқа қабылдау науқаны белсенді түрде жүргізілуде. 1 сәуірден бастап балаларды электронды платформалар арқылы (eGov.kz және iac.kz) және дәстүрлі қағаз форматта тіркеу басталды. Қазіргі уақытта 2 451 өтініш түскен. Жалпы алғанда, облыс бойынша 35 500 бірінші сынып оқушысын қабылдау жоспарланып отыр. Ерекше назар көптілді білім беру мәселесіне аударылуда: берілген өтініштердің 78,9%-ы қазақ тілінде оқытуға арналған. 1 сәуірден бастап аймақта PISA-2025 халықаралық зерттеуі басталды. Бұл зерттеуге облыстың 25 мектебі мен 2 колледжі қатысуда. Зерттеуді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүзеге асырып жатыр және ол білім беру жүйелерінің тиімділігін бағалауға бағытталған. Сонымен қатар, PIRLS-2026 зерттеуінің апробациясы өтіп жатыр.
Бұл зерттеу 7 мектепті қамтып, оқушылардың оқу және әдеби сауаттылығын бағалауға бағытталған. Өңірдегі маңызды бастамалардың бірі – мектепке дейінгі білім беру саласында 1000 жаңа орын ашу. 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында балабақшаларда жан басына қаржыландыру негізінде мемлекеттік тапсырыс орналастыру байқауы өткізілді. Бұл шара балабақшадағы орындардың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алматы облысы оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетуде.
Биыл табиғи ғылымдар пәндері бойынша республикалық олимпиадада облыс оқушылары 7 медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, «Жібек жолы» халықаралық математика олимпиадасында облыстағы «Білім-Инновация» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы Халел Мүслім 3-орын иеленді.
«Біз тек балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай жасауды ғана емес, сонымен қатар кәсіби білім беруді де дамытып жатырмыз. Жұмысшы мамандықтар жылы жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Студенттеріміздің халықаралық байқаулардағы жетістіктеріне мақтанамыз. Сондай-ақ, PISA-2025 секілді зерттеулер білім беру сапасын арттыру және болашаққа дайын оқушыларды қалыптастыру үшін қандай нақты шаралар қабылдау қажет екенін жақсы түсінуге көмектеседі деп сенеміз», – деді Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.