Астанада полиция қызметкерлері қоғамдық орындарды патрульдеу кезінде жаяу жүргіншілерге арналған көпірде велосипедпен жүрген ер адамның Жол жүрісі қағидаларын бұзып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп жатқанын байқаған.
Полиция қызметкері аталған жерде велосипедпен жүруге тыйым салынғаны туралы сыпайы түрде түсіндіріп, ескерту жасаған. Алайда ол құлақ аспай өзін дөрекі ұстап, заң талаптарына бағынғысы келмеген. Велосипедші де бұл әңгімені «жеңіл ғана ескерту» деп қабылдаған болуы керек.
Алайда әлгі ер адам өркөкіректікке салынып, полицияның сөзіне құлақ аспаған. Тек өз құқығын ойлап, өз еркіндігін заңнан жоғары қойды.
Осыдан кейін полицейлер оны полиция бөлімшесіне жеткізді. Полиция департаменті заң бәріне ортақ екенін, оны сақтау – әр азаматтың міндеті болып табылатынын естеріңізге салады. Қазіргі уақытта қызметтік тексеру тағайындалды, оның қорытындысы бойынша барлық қатысушылардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.