Шығыс Қазақстан облысында 28 сәуір мен 8 мамыр аралығында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне қолдау көрсету мақсатында «Ардагерім – ардағым» акциясы өтіп жатыр,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Биыл бұл игі бастамаға 300-ден астам волонтер қосылып, ардагерлерге көмек көрсетуге бағытталған түрлі іс-шараларға белсене қатысуда.
Акция аясында аймақта 24 іс-шара өткізілді. Оның ішінде ардагерлердің үйінің ауласы тазартылып, тыл еңбеккерлері мен ардагерлерге естелік сыйлықтар мен азық-түлік себеттері табысталды. Волонтерлер тек іс жүзінде көмектесіп қана қоймай, әрбір ардагерге ерекше көңіл бөліп, қамқорлық пен құрмет білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция аясындағы жұмыстар жалғасын табады және ауқымы ұлғая түседі. Белсенділер батыр бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, азаттық пен болашақ үшін күрескен жандарға қолдау көрсетудің маңызын атап өтуде.
Айта кетейік, «Ардагерім – ардағым» акциясы 8 мамырға дейін жалғасып, аудандық деңгейдегі елді мекендерді де қамтиды.