Алматыда 2025 жылы 1200-ге жуық қараңғы учаске жарықтандырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Бұл туралы «Алматы Қала Жарық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Игорь Мысик мәлімдеді,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
«Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен үш кезеңнен тұратын жоспар әзірленді. Бірінші кезең – бұрыннан бар жарық желілерін қалпына келтіру болатын. Қазір бұл жұмыстар толығымен аяқталуға жақын: барлық қолданыстағы желі іске қосылып, техникалық қызмет көрсетіліп отыр. 2024 жылдың қаңтарынан бастап «Алматы Қала Жарық» міндетін толық көлемде атқара бастағалы бері қалада 45 мың шам ауыстырылды, 3 мыңнан астам жаңа баған орнатылды, шамамен 500 шақырым кабель желісі тартылды.
Екінші кезең аясында 2024 жылы жарықсыз қалған 120 учаске жарықтандырылды. Ал 2025 жылы 1200-ге жуық қараңғы көше жарықпен қамтамасыз етіледі – бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есе көп», – деді Игорь Мысик.
Үшінші кезеңде жарық жүйесін автоматтандыру көзделген. 2025 жылдың өзінде сыртқы жарықтандыруды басқаруға арналған 320 сыртқы жарықтандыруды басқару шкафы ауыстырылды. Жыл соңына дейін олардың жалпы санының 70%-ы, яғни 1100 шкафтың 800-і жаңартылады.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қаңтарынан бастап қаладағы жарықтандыру желілерінің басым бөлігін «Алматы Қала Жарық» басқаруда. Бұған дейін бұл желілер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында үш компаниядан тұратын консорциумның қарауында болған, алайда міндетін тиісінше атқара алмағандықтан, 2023 жылдың жазында қала әкімі Ерболат Досаев келісімді бұзып, барлық инфрақұрылымды аудан әкімдіктерінің балансына беруді тапсырған еді. Қазіргі таңда бұл желілердің барлығы «Алматы Қала Жарық» мекемесімен келісімшарт негізінде қызмет көрсетілуде.