Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан 2025 жылға дейін Ұлттық жоба аясында 8100 оқушыға арналған тоғыз жайлы мектептің құрылысы жүзеге асырылып жатыр,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Жоба оқу жағдайын жақсартуға, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және білім беру инфрақұрылымының жаңа стандарттарын енгізуге бағытталған.
«Жайлы мектеп – бұл жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл қауіпсіздік, қолжетімділік және жабдықталу бойынша заманауи талаптарға сай келетін оқу кеңістігі. Әрбір мұндай нысан өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып жобаланады. Мұнда кең сынып бөлмелері, зертханалар, спорт залдары, асханалар, заманауи санитарлық тораптар мен балаларға арналған демалыс аймақтары қарастырылған. Міндетті түрде мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттіліктері ескеріледі: пандустар, лифтілер, бейімделген санитарлық тораптар мен навигациялық белгілер болады», – деп атап өтті БҚО құрылыс басқармасының басшысы.
Бүгінгі таңда үш мектептің құрылысы аяқталды. 2024 жылғы 15 қарашада Орал қаласындағы Деркөл кентінде 1500 орындық №51 мектеп пайдалануға берілді. 25 желтоқсанда тағы екі мектеп ашылды — Орал қаласындағы Балауса шағын ауданында 1500 орындық және Теректі ауданының Подстепное ауылында 1200 орындық мектеп.
Қалған алты мектептің құрылысы жалғасуда. Оралдағы №65 мектептің (600 орын) дайындығы – 61%. Бәйтерек ауданының Достық кентінде (1200 орын) – 66%, Трекин кентінде (600 орын) – 71% дайын. Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласында салынып жатқан №1 мектеп (300 орын) – 24%, №7 мектеп (900 орын) – 14% дайын. Сондай-ақ Пугачев кентіндегі (300 орын) мектептің құрылысы 43%-ға орындалған.
Барлық мектептер бірыңғай стандарт бойынша жабдықталады: мультимедиалық сыныптар, зертханалар, кітапхана-ақпараттық орталықтар және қауіпсіздік жүйелері орнатылады. 2025 жылдың соңына дейін барлық тоғыз мектеп толықтай пайдалануға беріліп, өңір оқушыларына сапалы білім алу үшін қолайлы жағдай жасалмақ.