Жетісу облысында егіс науқаны аяқталуға жақын. Жоспарланған жаздық дақылдардың 91,5%, қант қызылшасының 12,1 мың гектары себілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Қант қызылшасын себу 15 мамырда, дәнді дақылдар 1 маусымға дейін толығымен аяқталады деп күтілуде. Көктемгі дала жұмыстарына 20,6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылған.
Биылғы жылға арзандатылған дизель отынының бекітілген көлемі 5,5 мың тонна болса, оның 3,2 мыңы облысқа жеткізілді. Сол сияқты жоспарланған 58,8 мың тонна тыңайтқыштың 44,8 мың тоннасы сатып алынып, қолданылуда.
— Көктемгі дала жұмыстары мен егін жинау науқанына Аграрлық несие корпорациясы арқылы 14,3 млрд.теңге бөлінді, бүгінгі таңда 5,1 млрд. теңгесі 198 шаруашылыққа берілді. Ал вегетациялық кезең туралы айтсақ, егінге су беру жұмыстары басталды. Суаруға 1 млрд. текше метрі су беріледі деп жоспарлап отырмыз. Биыл шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 114,8 мың га жерде жүргізіледі. Бұл өңдеу жұмыстары бүгіннен басталды. Жалпы оған 5 әуе ұшағы, 4 дрон және 17 бірлік жер үсті бүріккіштері жұмылдырылады, шоғырланған жерлерін анықтау жұмыстарына 204 адам және 79 автокөлік тартылады. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен биыл 455,8 млн. теңге бөлінген, — дейді Жетісу облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Атап өтсек, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы — 510,7 мың гектар.