19-20 күндері Семей қаласында «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форум өтеді. Абай облысының әкімі Берік Уәли жерлестерін форумға қатысуға шақырып, үндеу жариялады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Өңір басшысы өз үндеуінде Абай жерінің тарихына, оның ел игілігі жолында атқарған рөліне ерекше тоқталды. Құнанбай, Ақтайлақ билерден бастап, Абай мен Алаш арыстарының туған өлкесі бүгінде жаңғыру мен дамудың жаңа сатысына қадам басып отыр. Осы үдерісте әрбір жерлес азаматтың үлесі маңызды екенін атап өтті.
«Еліміздің әр түкпірінде табысты еңбек етіп жүрген жерлестеріміз туған топырағына қолдау білдіріп, туған жердің өркендеуіне үлес қоса алады. Бұл – тек азаматтық парыз ғана емес, ұрпақ алдындағы аманат, елге деген құрметтің көрінісі», – деді Берік Уәли.
Форум аясында таныстырылатын басты жобалардың бірі – Семей қаласында 75 мың адамға арналған жаңа ықшамауданның құрылысы. Бұл ауқымды жобада тұрғын үй кешендерінен бөлек, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысан бой көтермек.
Атап айтқанда, Жастар сарайы, Жекпе-жек орталығы, Ғалымдар үйі, Медиасалаға арналған орталық, Көрме және Достық үйлері, Музыкалық мектеп, Филармония, Этносаябақ, стадион, колледждер, музей, балабақшалар мен сауда кешендері салынуы жоспарланған. Бұл – Семейдің урбанистік келбетін түбегейлі жаңартатын ірі бастама.
Соңғы жылдары Абай облысы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңа серпін ала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен қайта құрылған облыс бүгінде еліміздегі тарихи, мәдени және рухани орталықтардың біріне айналуда.
«Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысқа әлеуметтік нысандар салып, өңірдің дамуына үлес қосуда. Бұл – өңіраралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі.
Сонымен қатар, форумда шетелдік және отандық инвесторлармен бірлескен жобалар талқыланып, кәсіпкерлік әлеуетті арттыру жолдары ұсынылады. Облыс әкімдігі инвесторлар үшін қолайлы экожүйе құрып, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ниетті екенін жеткізді.
Берік Уәлидің айтуынша, Абай облысы бүгінде тек әкімшілік құрылым емес, бұл – идея, рух, тарихи жауапкершілік. Сондықтан, форумға шақырылған азаматтар – жай ғана қонақ емес, ел болашағына үлес қосатын серіктестер.
«Туған жерге туыңды тігу – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы ұстанымы. Бұл – бабалар өсиеті, бүгінгі күні де өзекті. Ертең үшін де бағдаршам болмақ», – деді облыс әкімі.