Қазақстан Әзербайжан және аймақтағы өзге елдермен жасыл энергетика бойынша ынтымақтастықты, соның ішінде жасыл энергияны Еуропаға тасымалдау жобасын жүзеге асыру арқылы жаңа деңгейге шығаруға дайын.
Бұл туралы Брюссельде өткен Энергоэффективтілік жөніндегі жаһандық 10-шы жыл сайынғы конференция барысында Қазақстан Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, Қазақстанда метан шығарындыларын азайту және оны алауда жағуды қысқарту бойынша айтарлықтай тәжірибе жинақталған.
«Метан ғаламдық жылынуды жеделдететін негізгі себептердің бірі. Оның шығарындыларының артуы ортақ экожүйеміз Каспий теңізіне де кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеде Әзербайжан және өзге де Каспий жағалауы елдерімен бірлесе әрекет етудің маңызы зор», – деді ол.
Арнайы өкілдің сөзінше, Қазақстан соңғы жылдары метан газының алауларда жағылуын 80%-ға қысқартып, жылына 4 млрд текше метрден 1 млрд текше метр деңгейіне дейін азайтуға қол жеткізген. Дегенмен, бұл бағытта жетілдіруге болатын мүмкіндіктер әлі де бар.
«Биыл біз мұнай-газ саласындағы метан шығарындыларының басқа да мәселелерін шешуге бағытталған жаңа заңнама әзірлеуге кірістік. Бұған қоса, көмір өндірісі және жалпы өнеркәсіп секторындағы экологиялық жағдайды жақсарту да біздің басты назарымызда болады», – деді ол.
Сүлейменова сондай-ақ былтыр Әзербайжанның төрағалығымен Қытай және АҚШ-тың серіктестігі аясында Бакуде өткен климаттық конференцияның (COP29) маңызын ерекше атап өтті. Аталған саммитте Қазақстан да белсенділік танытқан.
«Мұндай алаңдар өте маңызды, себебі олар халықаралық тәжірибені танып-білуге ғана емес, өзіміздің басымдықтарымызды анықтауға да мүмкіндік береді», – деді арнайы өкіл.
Сонымен қатар, ол Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан басшыларының қатысуымен өткен COP29 аясында Еуропаға жасыл энергия транзитін дамыту бойынша үшжақты келісімге қол қойылғанын еске салды.
«Бүгін конференцияда Әзербайжанның энергетика министрі осы жоба туралы толық ақпарат берді. Жалпы, біздің елдер арасындағы жасыл энергетика саласындағы әріптестік әлеуеті зор. Мемлекет басшыларының өзара сапарлары барысында жасыл энергия өндірісі ғана емес, оны жинақтау және сақтау жүйелерін дамыту бойынша да бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді», – деді Зүлфия Сүлейменова.
Арнайы өкіл сөзін қорытындылай келе, елдер арасындағы ынтымақтастық, тәжірибе алмасу, инвестиция тарту және технологиялық ықпалдастықтың қарқыны алдағы уақытта да сақталатынына сенім білдірді.
«Бұл тек бастамасы ғана. Алда бізді одан да маңызды бірлескен жобалар күтіп тұр», – деді ол.