15 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болып, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің болжамынша, республика бойынша тұман түсіп, көктайғақ болады және екпінді жел соғады. Еліміздің батыс облыстарында кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Тек оңтүстік өңірлерде ғана жауын-шашынсыз ашық ауа райы сақталады.
15 қарашада республиканың батысында нөсер жаңбыр жауып, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында түнгі аяз 18 градусқа дейін жетеді.
Мегаполистердегі күн райы
Астанада көшпелі бұлтты, түнде және таңертең аздаған қар жауады. Жолдарда көктайғақ түзіліп, тұман түседі. Оңтүстіктен секундына 3–8 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 1–3 градус аяз, күндіз 1 градус аяздан 1 градус жылы аралығында болады.
Алматыда түнде жауын-шашынсыз, ауа температурасы 1–3 градус аязды көрсетеді. Күндіз қалада күн бұлттанып, түстен кейін жаңбыр жауады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні күндіз секундына 13 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа сынабы 5–7 градус жылыға дейін көтеріледі.
Шымкентте күн ашық, жауын-шашын болмайды. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Ауа температурасы түнде 1–3 градус жылы, күндіз ауа 12–14 градусқа дейін жылынады.
Аймақтардағы температуралық ауытқулар
Қазақстанның батыс аймақтарында жауын-шашын мол түседі. Түнгі ауа температурасы 2–8 градустан 6–11 градус жылыға дейін көтеріліп, күндіз 8–13 градус жылы шамасында болады.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде қыс лебі сезіле бастайды. Солтүстік облыстарда түнде 2–5 градус аяз, күндіз 0–5 градус жылы болады. Павлодар облысында түнде 3–8 градус аязға дейін салқындайды. Орталық пен шығыста түнгі ауа температурасы 2–13 градус аязға дейін төмендеп, күндіз 3 градус аяз бен 3 градус жылы аралығында ауытқиды.
«Ел аумағында жел күшейіп, жолдарда көктайғақ пайда болады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс», – деп ескертті «Қазгидромет» мамандары.
Ең төменгі температура оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында тіркеледі. Бұл өңірде түнде сынап бағанасы 13–18 градусқа дейін төмендеп, күндізгі аяз 3–8 градус шамасында сақталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







