Қазақстанда 2025–2026 оқу жылында 200-ден аса жаңа мектеп салынбақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады деп жазады Ertenmedia.
Жоспарға сай бой көтеретін білім ошақтары шамамен 300 мыңға жуық оқушыға есептелген. Оның ішінде 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріледі.
Министрліктің мәліметінше, мектептердің ашылуы қала мен ауыл арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқартып, апатты жағдайда тұрған 15 мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, үш ауысымдық оқытуды тоқтатып, 150 мыңға жуық оқушы орнының тапшылығын жою жоспарланып отыр.
Бұған қоса, 1000 ауыл мектебінде күрделі жөндеу жүргізіліп, жиһаздары жаңартылып, кітапханалары, асханалары мен қауіпсіздік жүйелері толықтай жаңғыртылады. Сонымен бірге химия, физика, биология, робототехника және STEM бағытындағы 1000 заманауи кабинет жабдықталады.
Алдағы уақытта елімізде 2029 жылға дейін 1231 мектепті толық жаңарту бойынша ауқымды бағдарлама басталмақ. Биылдың өзінде осы бағдарлама аясында 248 мектептің шатыры, қасбеті, терезелері және инженерлік желілері жаңартылады.