Алакөлдегі қауіпсіздік мәселесі сын көтермейді. Белгілі заңгер Саида Тәуекелова демалушылардың өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Қазір Алакөл жағасындамын. Табиғаты тамылжып тұр, туристер демалуда, кәсіпкерлер барынша жағдай жасауда. Бірақ осы әсем көріністің тасасында үлкен мәселе бар бүкіл жағалауда бірде-бір (мемлекеттік) құтқарушы жоқ. Құтқарушылардың арнайы мұнараы, жүзуге арналған белгілер, қоршаулар, нұсқаулықтар атымен жоқ. Адамдар, оның ішінде кішкентай балалар су мотоциклі мен катерлер жүзіп жүрген жерде емін-еркін шомылып жүр. Мұның арты ауыр қайғыға ұласуы мүмкін», – дейді Саида Тәуекелова.
Заңгердің айтуынша, «Азаматтық қорғау туралы» Заңның 37-бабына және Үкіметтің 2000 жылғы №13 қаулысына сәйкес, демалушылар көп жиналатын жағажайда жергілікті атқарушы органдар мен ТөтенМин бірігіп құтқару бекеттерін ашуға міндетті.
Заңнамада құтқарушыларға арналған арнайы мұнараның, құтқарушы қайықтардың немесе гидроциклдердің, байланыс құралы мен дәрі-дәрмек қобдишаларының болуы нақты көрсетілген.
Сондай-ақ, шомылу орындары жүзуге арналған белгілермен (буйки) анық шектеліп, демалушылар мен су көліктеріне бөлек аймақтар белгіленуі қажет.
«Іс жүзінде Алакөл жағалауында қарапайым қауіпсіздік ережелері мүлде ұмыт қалған. Бұл жай ғана кемшілік емес, демалушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін фактор. Құтқарушылармен қамтамасыз ету кәсіпкердің міндеті емес, мемлекеттің жауапкершілігі. Туристер көп келетін орында құтқарушылар да толып жүруі тиіс», – дейді заңгер.
Саида Тәуекелова жергілікті әкімдіктің жауапкершіліктен қашып отырғанын, тіпті туристермен кездесуге жүрексінетінін де сынға алды.
Осы мәселеге байланысты заңгер Төтенше жағдайлар министрлігіне, Туризм және спорт министрлігіне, Көлік министрлігіне, сондай-ақ Абай облысының әкімдігіне ашық сауал жолдамақ.
«Су қауіпсіздігі екінші қатардағы мәселе емес. Бұл ішкі туризмге деген сенімнің басты көрсеткіші. Туризм инфрақұрылымын дамыту адамдардың өзін қауіпсіз сезінетін жағдаймен қатар жүруі керек.
Біз жағажайдағы бала-шағаның өмірі үшін кім және қалай жауап беретінін, мұндай объектілерді кім тексеретінін, жол картасы қайда екенін және оның қалай жүзеге асырылып жатқанын білуге толық құқылымыз», – дейді ол.
Заңгердің айтуынша, ресми құжатта барлық талап сақталған деп көрсетілгенімен, шын мәнінде жағалауда белгілер мен бекеттердің бірде-біреуі жоқ.
Оның үстіне, жағалаудағы кәсіпкерлердің айтуынша, мұнда кәріз жүйесін тазартатын Eco Tazalyk компаниясы қызметі үшін әр базадан 15-19 мың теңге аралығында ақша алып отыр, қаражат қолма-қол жиналуда, чек берілмейді. Заңгер мұны салық органдары мен прокуратураның жіті зерттеуіне сұранып тұрған жағдай деп есептейді.
«Жол картасында барлығы толық қамтылған деп есеп беріліпті. Ақша бөлінген екен, сонда белгі, нұсқаулық қайда? Мем.сатып алу болды ма өзі? Өте күмәнді», – дейді заңгер.
Саида Тәуекелова осындай мәселеге кезіккен қауымды үнсіз қалмауға, бірлесіп әрекет етуге шақырды.