Ұлттың болашағы – оның қазіргі заманға қаншалықты бейімделе алғанында ғана емес, сондай-ақ болашақ өзгерістерге қаншалықты дайын екенінде. Осы орайда ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев авторлық мақаласында ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін жаңа ұлттық бірегейліктің және жаңғыру стратегиясының басты өзегін айқындап берді,- деп хабарлайды Ertenmedia
Жаһандық тұрақсыздық пен құндылықтық дағдарыс өршіген бүгінгі заманда ұлттың бірегей болмысын сақтап қалу жеткіліксіз – оны жаңғыртып, ХХІ ғасырдың талаптарына бейімдеу – тарихи қажеттілікке айналды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, дәл осы себепті Қазақстан ұлттық жаңғыруды, бірегейлікті жаңаша сипатта дамытуды күн тәртібіне шығарды. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске аса бастаған жүйелі реформалардың, рухани трансформацияның, тарихи сабақтастық пен цифрлық болмыстың симбиозы.
«2022 жыл еліміз үшін халықтың санасын оятқан, ұлттың бірегейлігін қалыптастыру процесін жандандырып, жаңа бағыт-бағдар берген межелі жыл болды», – дейді Сенат төрағасы. Оның пікірінше, бұл жыл – Қазақстанның рухани серпіліс кезеңі басталған уақыт ретінде тарихта қалуы мүмкін. Әшімбаев атап өткендей, цифрлық дәуірдегі геосаяси сын-қатерлер көбейген тұста тұрақты әрі саналы бірегейлікті қалыптастыру ендігі жерде стратегиялық міндетке айналды. «Бұл – Қазақстанның әлемнің болашақ саяси картасынан алатын орнына тікелей қатысты мәселе», – деді ол.
Осы орайда Мәулен Әшімбаев ұлттық ренессанстың негізі ретінде «смарт-ұлт» тұжырымдамасын ұсынады. Оның пайымынша, бұл – жаңарған мемлекеттіліктің өзегі, реформалардың басты драйвері, дағдарыс кезеңінде елді алға сүйрейтін жасампаз күш. Смарт-ұлт дегеніміз – технологияға ғана иек артатын қоғам емес, сонымен қатар білім, ғылым, мәдениет, еңбек және цифрлық дағдыларға негізделген рухани дамудың жаңа этикасын меңгерген ұлт.
«Смарт-ұлт – технологияны қолданатын қоғам ғана емес, сонымен бірге азаматтардың білім деңгейі мен цифрлық сауаттылығы жоғары, инновациялық ойлау қабілеті, қоғамдық игілікке деген жауапкершілігі дамыған, өзін-өзі оқыту, бейімделу және жұмылу дағдылары қалыптасқан болашаққа лайық қоғам», – деді Әшімбаев.
Ол бұл тұжырымдаманың мақсаты – әрбір азамат әділ, тиімді және инновациялық мемлекет құрудың белсенді қатысушысы бола алатындай қоғамдық құрылым жасау екенін баса айтты.
Сенат төрағасының пікірінше, ұлттық жаңғыру тек этномәдени мұраны сақтаумен шектелмейді. Рухани жаңғыру мен тарихи тамырларға сүйену – қазіргі заманда өзіндік ұлттық стиль қалыптастыруға бағытталған әрекет. Бұл ретте «Қазақ ренессансы» – өткеннің жаңғыруы емес, жаңашылдыққа негізделген түпкілікті сапалық өзгеріс.
«Қоғамдық санада болашақтағы ұлттық құндылық пен мәдени-ақыл-ой негізін қалыптастыру және бекіту – күн тәртібіміздегі өзекті мәселе. Оның тартымды болуы Қазақстанның әрбір азаматына жаңа мүмкіндік беріп, ел брендінің шетелде бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етер еді. Бұл – ХХІ ғасырда ұлттық идеяға айналуға лайық тарихи ауқымдағы мақсат», – деді ол.
Мәулен Әшімбаев сондай-ақ реформалардың мәдени-ментальдық негізі ретінде Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасына да назар аударды. Бұл – заң үстемдігін, әділдік пен азаматтық жауапкершілікті қоғамның басты нормасына айналдыруға бағытталған жүйелі саясат.
«Адал азамат – сыбайлас жемқорлық ұят саналатын және заң, ашықтық, жауапкершілік қалыпты нормаға айналатын қоғам құндылықтары», – дейді ол.
Сенат Спикері қазақ мәдениетінің де қазіргі жаһандық аудитория үшін өзекті құбылысқа айналып келе жатқанын атап өтті.
«Тыңғылықты зерделенген дәстүрлі негізге табан тірейтін қазіргі қазақ мәдениеті халықаралық аудиторияға да өзекті және сұранысқа ие құбылысқа айналып келеді», – деді ол.
Әсіресе, қазақ тілінің мәдени код ретіндегі орны мен этностильдегі сән, ұлттық тағам мен музыкаға деген сұраныстың артуы – «ұлттық ренессанстың» дәлелі.
Ата-бабамыздан қалған мол мұраны ХХІ ғасыр трендтеріне сай жан-жақты зерделеу, жаңартылған, цифрлық дәуірдің дағдыларымен, жаңа білім және ақыл-оймен толықтыру аса маңызды. Ол – пассионарлық өсудің өзегі, «цифрлық көшпенділердің» жас ұрпағын жаңа биіктерге жетелейтін ішкі күш. Бұл ұлттың бірлігін, мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіруді, жүйелі стратегияны және әбден зерттелген идеологиялық тетіктерді талап етеді.
«Сенат жанындағы Сарапшылар клубы бастамашы болған «Талдау мектебі» қоғамдық жобасы осы қағидатпен жұмыс істейтінін айта кетуге болады. Жоба мемлекеттік басқарудағы, БАҚ, ғылыми сараптама қоғамдастығы және азаматтық сектор қызметіндегі талдау тәсілдерінің сапасын көтеруді көздейді», – деді Мәулен Әшімбаев.