Маған әлеуметтің желідегі біраз адамдар АЭС-ке қатысты ой-пайымдарыма «қауіпсіздік жайында нақты ештеңе айта алмайсың» деген сыңайда пікір қалдырды. Осыған инженерлік диплом мен энергетика кафедрасында алған білімімді алға тарта отырып жауап бергенді жөн санап отырмын.
АЭС салу кезінде халықаралық қауіпсіздік стандарттар
Қазақстанда АЭС салу кезінде ең көп қойылатын сұрақтардың бірі – қауіпсіздік мәселесі. Бұл жерде мәселе тек адамның денсаулығына әсері мен станцияның үздіксіз жұмыс істеу қабілеті туралы емес, сонымен қатар қоршаған ортаға әсері жөнінде де болып отыр.
Осы салада қолданылатын негізгі құжаттар:
GSR Part 3 – Радиациялық қауіпсіздік нормалары
NS-G-1.13 – Қоршаған ортаға әсерді бағалау
WS-G-2.3 – Радиоактивті заттардың төгінділерін бақылау
Бұл құжаттардың барлығы ALARA қағидатына негізделген: As Low As Reasonably Achievable – «мүмкіндігінше ең төмен деңгейде ұстау».
МАГАТЭ-нің GSG-9 стандарты «Қоршаған ортаға радиоактивті шығарындыларды реттеуші бақылау» және ұлттық заңнамалар негізінде атмосфераға және су көздеріне радиоактивті заттардың шығарылуына қатаң шектеулер қойылған.
Сонымен қатар, сұйық және газ тәріздес төгінділерді тазарту жүйелері, қоршаған ортаның міндетті радиациялық мониторингі және ластаушы заттардың шекарадан тыс таралуының алдын алуға арналған кеңейтілген шаралар қарастырылады.
Қажетті талаптарға сәйкес болашақ АЭС-те:
Автоматтандырылған радиациялық бақылау жүйесі болуы керек, ол шығарындылар құрамындағы техногендік радионуклидтердің сапалық және сандық құрамын анықтай алуы тиіс;
Газ-аэрозольді шығарындыларды қалыптастыратын жүйелердегі газ-ауа ағыны бақылануы қажет;
АЭС орналасқан аймақтағы радиациялық ахуалды тұрақты бақылап отыратын жүйе болуы тиіс – әрі қалыпты жағдайда, әрі апат орын алған жағдайда.
АЭС шығарындылары 3 негізгі бағыт бойынша бақыланады:
Радиоактивті газдар (желдету арқылы):
Құрамында тритий (³H), көміртек-14 (¹⁴C), йод-131, криптон-85, ксенон-133 болуы мүмкін.
Рұқсат етілген деңгейлер:
– Тритий: 1×10⁻⁵ Ки/жыл (370 ГБк)
– Йод-131: 0.01 Ки/жыл (370 МБк)
МАГАТЭ ұсынысы бойынша: барлық шығарындылардан келетін жылдық тиімді сәуле дозасы халық үшін 1 мЗв/жылдан аспауы тиіс.
Сұйық төгінділер (су көздеріне):
Құрамында тритий, коррозия және активация өнімдері (Co-60, Cs-137) болады.
Шектеулер:
– Тритий: 1.1×10⁹ Бк/м³ (ВОЗ және МАГАТЭ стандарттары)
– Cs-137: 10⁴ Бк/м³ (елге байланысты)
Қатты радиоактивті қалдықтар
АЭС-тің қатты радиоактивті қалдықтары арнайы қоймаларда сақталып, өңделеді. Тікелей төгілмейді, бірақ жалпы радиациялық жүктемеде ескеріледі. Қазақстанда бұл мәселе арнайы қойма салу арқылы шешілген.
Жалпы алғанда, осы нормалар АЭС-тің жүздеген реакторы жұмыс істеген ондаған жыл ішінде қоршаған ортаға әсерін барынша төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл әсіресе көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларымен (ЖЭС) салыстырғанда анық байқалады. Қазақстанда дәл осы ЖЭС – атмосфераны ең көп ластайтын көздердің бірі. Олар өнеркәсіптік шығарындылардан да көп зиян келтіреді.
АЭС радиациямен байланысты деген пікір болғанымен, іс жүзінде олардың шығарындылары қатаң бақыланып, халық үшін 1 мЗв/жыл шамасынан аспайды. Негізгі шығатын заттар – тритий, ксенон, көміртек-14 – микродозада ғана.
Ал көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС-тер радиациялық емес деп есептелсе де, олар атмосфераға сынап, мышьяк, қорғасын, кадмий сынды ауыр металдармен қатар, қатерлі ісік тудыратын полициклді ароматты көмірсутектер шығарады. Тіпті, көмір жанғанда да табиғи радионуклидтер бөлінеді, бірақ олар бақыланбайды да, есептелмейді де.
Мысалы, Екібастұз ЖЭС жылына 15 миллион тоннадан астам көмір жағады.
Жыл сайынғы CO₂ шығарындылары – 30-35 миллион тонна,
Күл мен шаң – 1,2 миллион тоннадан астам,
Күкірт пен азот қоспалары – ондаған мың тонна.
АЭС осындай шығарындыларсыз баламалы қуат көзі болып табылады. Қалдықтары өте аз және тиімділігі жоғары. Алайда, АЭС-тің отыны, құрылысы және жұмыс істеуі барлық жоғарыда айтылған нормалар мен регламенттерге толық сай болуы тиіс – бұл іспен МАГАТЭ мен біз – қоғам да айналысуымыз керек.
Шыңғыс ЛЕПСІБАЕВ, «Eurasian Expert Council» қоғамдық қорының президенті