Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік әділет институтының маңызы артып келе жатқанын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, әкімшілік істер бойынша қалыптасқан сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын бағалайтын маңызды көрсеткішке айналды. Оның нәтижелері азаматтардың сот жүйесіне деген сенімінің күшейгенін көрсетіп отыр.
Президент кейбір азаматтардың сот шешімдеріне көңілі толмайтынын да атап өтті. Алайда мұндай жағдайлар бұрын да болған және қазір де кездеседі. Оның пікірінше, шағымдардың бір бөлігі эмоцияға немесе біржақты көзқарасқа негізделуі мүмкін. Соған қарамастан әрбір өтініш мұқият зерттеліп, әділ шешім қабылдануы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігінің дербес сот өндірісі ретінде бекітілуін маңызды қадам деп атады. Бұл өзгеріс азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды қараудың жаңа құқықтық деңгейін қалыптастырды.
Президенттің сөзінше, қазір сотқа шағымданудың бұрынғы қасаң моделінен бас тартып, тәуекелдерді стратегиялық басқару жүйесіне көшу мәселесі қарастырылып жатыр. Үкімет осы бағыттағы тиісті ережелерді әзірлеген.
Мемлекет басшысы орталық және жергілікті деңгейдегі әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Бұрын мемлекеттік органдар қараған мәселелер кейін қайтадан соттағы дау нысанына айналмауы керек.
Оның пікірінше, әкімшілік тәжірибеде жүйелілік пен тұрақтылықтың болуы азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік басқарудың тиімділігін де арттырады.
Сонымен қатар Президент жария-құқықтық сипаттағы дауларды әкімшілік соттардың қарауына беру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Өткен жылдан бастап бұл санатқа қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығына қатысты істер де енгізілген.
Бұған дейін мұндай даулар азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралатын. Енді оларды әкімшілік әділет аясында қарау мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің заңдылығына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, әкімшілік әділеттің күшеюі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудағы маңызды құралдардың біріне айналып отыр. Бұл жүйе азамат пен мемлекеттік орган арасындағы құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







