Freedom Travel CEO Игорь Бойконың айтуынша, туризм нарығында сақтандыру қызметтері саяхаттың маңызды бөлігіне айналып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінде әуе және теміржол тасымалында міндетті сақтандыру жүйесі бұрыннан бар. Алайда туристердің сұранысы кеңейген сайын қосымша сақтандыру өнімдеріне қызығушылық артқан.
Игорь Бойконың айтуынша, қазір нарықта рейстің кешігуінен сақтандыру, багаждың жоғалуынан сақтандыру және түрлі форс-мажор жағдайларға арналған өнімдер ұсынылады. Мұндай қызметтер саяхат кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.
Игорь Бойко компаниялар жаңа сақтандыру өнімдерін де әзірлеп жатқанын айтты. Солардың бірі сапардан бас тарту жағдайына арналған сақтандыру. Мұндай өнім іске қосылса, белгілі бір себептермен ұшпай қалған жолаушылардың шығынын өтеуге бағытталмақ.
Бүгінде халықаралық туризмдегі басты кедергілердің бірі визалық рәсімдер. Көптеген адам шетелге шығудан виза ала алмау қаупіне байланысты бас тартады.
Осыған байланысты Freedom Travel компаниясы виза рәсімдеу процесін цифрландыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Болашақта кейбір визаларды үйден шықпай-ақ онлайн рәсімдеу мүмкіндігі пайда болуы ықтимал.
Бұдан бөлек, виза беруден бас тарту тәуекелін жабатын сақтандыру өнімдері де қарастырылып жатыр. Мұндай жүйе іске қосылса, туристің құжаттары қабылданбай қалған жағдайда белгілі бір шығыны өтелуі мүмкін.
Игорь Бойконың пікірінше, саяхатшылардың қауіпсіздігі мен сенімін арттыру үшін сақтандыру бағытындағы қызметтер алдағы жылдары кеңейе береді. Туризм индустриясында билет пен қонақүй ғана емес, сапардың бүкіл кезеңін қамтитын қорғаныс құралдары да маңызды орын ала бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







