Ілияс Бақтығалиев дейтін саясаттанушы әйгілі Жұмабек Тәшеновке қатысты қалыптасқан қоғамдық пікірді теріске шығарып, тосын мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.
Айтуынша, саясаткердің есімі ел арасында ешбір дәлелсіз, әсіреленіп, мифке айналған. Оның тарихи тұлғасына терең бойламай жатып, пір тұтатын қауым көп.
«Кей тарихи тұлғалар ешбір дәйексіз культ деңгейіне көтерілді. Соның бірі Жұмабек Тәшенов. Оны бүкіл кеңестік жүйеге қарсы келген көзсіз батыр ретінде сипаттайды.
Хрущёвтің алдында қасқайып тұрып, қазақ жерінің Тәшкентке берілуіне жеке өзі тосқауыл болды деген әңгіме кең тараған. Бірақ осы оқиғаның нақты тарихи құжаты қайда? Жиын-шардың протоколы, оның пікірін растайтын стенограмма бар ма? Шын мәнінде, мұндай бір-бірде ресми құжат жоқ.
Бар деректің бәрі кейінгі кезде жазылған кітап мен мақала ғана, олар нақты дәлелге сүйенбейді», – дейді Бақтығалиев.
Автор архивтерде саясаткердің жер үшін жаға жыртысқанын дәлелдейтін ешбір ресми құжатты кездестірмегенін айтады. Керісінше, Қазақстанның кейбір өлкесін Өзбекстанға беру туралы ресми құжатқа Тәшеновтің өзі де қол қойған деп отыр.
«Архивте территорияны беру туралы қаулы бар. Міне, осы қаулының етек жағында Тәшеновтің қолы тұр. Сонымен қатар Қонаев пен Брежневтің де қолы қойылған. Бұл тарихи факт. Оны жоққа шығара алмайсыз. Әлбетте, Тәшенов бұған іштей келіспеген болар. Десе де, құжатқа қол қоюы оның сом тұлғасына көлеңке түсіреді», – дейді Ілияс Бақтығалиев.
Сонымен қатар автор ел аузындағы «Тәшенов Хрущёвке қарсы келді» деген әңгіме ойдан шығарылған деп отыр.
«Оның Хрущёвпен болған сол бір атышулы диалогы ешбір ресми құжатта тіркелмеген. Ол әңгіме ел ішінде аңыз түрінде ғана тараған. Тарихты мұндай эмоцияға негіздеуге болмайды. Сталиннің қазақтардан қаймыққаны, Екатерина патшаның «қазақтар өзінің өткенін білсе, әлемді жаулайды» дегені мұның бәрі де ойдан шығарылған», – деп жазады Бақтығалиев.
Пікірінше, саяси тұлғаларды объективті бағалау қажет. Бір тұлғаны төбеге көтеру арқылы, енді бірін аласартуға болмайды.
«Тәшенов те, Қонаев та сол кезеңнің өнімі. Олардың өмірін шынайы тарихи құжатқа сүйене отырып талдау керек. Тарихты мифпен шатастырмау қажет», – деп түйіндепті автор.
Өз кезегінде қазақтілді қауым биыл туғанына 110 жыл толатын тұлғаны аяқасты түртпектей бастаған сарапшының әрекетін «саяси тапсырыс» деп бағалауда.
Қоғам белсендісі Асылбек Баяжұма айтуынша, орыстілді телеграм арналарда саясаткерді қаралау науқаны басталған.
Пікірінше, Тәшенов есімін ұлықтауға кедергі келтіретін факторлар әлі күнге дейін бар.
«Назарбаевтың тұсында оның есімін атауға тыйым салынды. Қазақстанды тәуелсіздікке жетелеген жалғыз адам Әбішұлы деп дәріптелді. Тәшеновтің ерлігі елге жария болса, экс-президенттің шамына тиер еді», – дейді ол.
Баяжұманың айтуынша, Тәшеновті насихаттауға талпынған азаматтарға қысым көрсетілген.
«2019 жылы туған жері Аршалы ауданындағы (Ақмола облысы) мектепке есімі берілді. Осы шараға атсалысқаным үшін облыс әкімінің орынбасары Айна Мусралимованың қысымымен аудан әкімінің орынбасары қызметінен кетуге мәжбүр болдым. Өкінген жоқпын. Жұмабектей тұлға үшін қызмет түгілі басым кетсе де өкінбеймін», – дейді белсенді.
Оның атап өткеніндей жоғары жақ Тәшеновті ұлықтауға тыйым салған. Бұған дәлел, биыл саясаткердің 110 жылдығына орай жоспарланған шараларды Ақмола облысының әкімдігі тоқтатып тастаған.
«Билік Тәшеновті насихаттауға әлі де қаймығады. Оны теріскейді сақтап қалған тұлға ретінде дәріптегісі жоқ. Көлеңкемізден үркіп жүрміз», – дейді Баяжұма.