Жетісу облысы Алакөл ауданында жалпы ауданы 1655 гектарды құрайтын 14 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жердің жалпы кадастрлық құны 100 миллион теңге деп жазады Ertenmedia.kz Бас прокуратура сілтеп.
Құзырлы орган тексеріс жүргізіп, Алакөл ауданында жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай, бос жатқанын анықтаған. Аумақты уақытша пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Соған қарамастан жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер шара қабылдамаған.
Прокуратураның араласуынан кейін барлық 14 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, мемлекеттік жер қорына өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокуратураға «Жер Аманаты» комиссиясының анықтаған заңсыздықтарын тексеру үшін ресми сауал жолдаған болатын.
Депутаттың айтуынша, биыл сәуір айында ол Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылына барған сапарында 351 коммерциялық мақсаттағы жер учаскесінің 10 жыл бойы игерілмегеніне куә болған.
– Осы учаскелердің бәрі 2016 жылдан бері игерусіз жатыр. Заң бойынша үш жыл ішінде игерілмеген жер телімдері сот шешімімен мемлекетке қайтарылуы керек еді.
Аудан әкімдігі, жер, құрылыс және сәулет бөлімдері, сондай-ақ облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің жауапты тұлғалары осы уақытқа дейін неге ешқандай шара қабылдамаған? Қайда қараған?
Осы жердің барлығының кадастрлық нөмірі мен иелерінің аты-жөні менің қолымда тұр. Оларды жария етеміз, – деген еді депутат Бақытжан Базарбек.