Ауылдағы азаматтық бастамалар – қоғамның тамырына тірек болатын құбылыс. Орталықтан жырақта жатқан елдімекендерде халықтың азаматтық белсенділігін көтеру мақсатында «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту» жобасы қолға алынған болатын. Жоба ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттырып, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауды, жаңа буынды оқыту мен ынталандыруды көздейді. Осы тақырып төңірегінде біз Жетісу облысына қарасты Әулиеағаш ауылдық окургінің әкімі Ермек Нұрахметовпен аз-кем сұхбаттасып, ауылдағы азаматтық қоғамды дамытудағы басты тетіктер мен халықаралық тәжірибелер жайында ой бөлістік.
– Ермек мырза, ауылдағы азаматтардың белсенділігін сіз қалай бағалайсыз?
– Ауылда белсенділік дегеніміз меніңше көрші-қолаңның бір-біріне қол ұшын беруінен басталады. Біреу мектеп ауласын көркейтіп жүрсе, екіншісі кітапханаға кітап жинап береді, үшіншісі арықты тазалап, ортақ игілікке үлесін қосады.
Осындай шағын әрекеттер кейде көзге көрінбейді, бірақ ауыл өміріне сәуле түсіріп, адамдардың бірлігін нығайтады. Өз басым «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту» жобасы дәл осындай қарапайым, бірақ берекелі істерге жаңа тыныс беруді көздейді.
– Жоба ауылдағы қоғамдық ұйымдарға қандай мүмкіндік береді?
– Бүгінде ауылдағы ұйымдар мен бастамашыл топтар бір идеяны жүзеге асырып, оны тұрақты нәтижеге жеткізуде көп қиындық көреді. «Жоба жазу» мен «жоба жүргізудің» айырмасы жер мен көктей. Біз сол үшін оларға әлеуметтік кәсіпкерлік, коммуникация, стратегиялық жоспарлау сынды бағыттарды үйретуді қолға алдық. Бұл тек білім беру емес, ауылдың өзін-өзі дамытуға жол ашатын нақты қадам.
– Жоба аясында нақты қандай нәтижелер күтілуде?
– Бұл жоба аясында кемінде 70 ауылдық үкіметтік емес ұйымды оқытуды жоспарлап отыр екен. Өз басым мұны ауыл халқының белсенділігін көтеретін салмақты бастама деп есептеймін. Әр ұйым өз ауылында тірек нүктесіне айналады. Олар бастамашыл топтарға тәлімгер болып, мектеп пен кітапхана, фельдшерлік пункт пен мәдени клубты бір желіге қосады. Көрші ауылдарға тәжірибе таратады. Сол себепті мұндай бастамалардың жалғасын тапқанын қалаймыз.
– Соңында, осы жобаның мәнін қалай түйіндер едіңіз?
– Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту – елдің іргесін бекітуге бағытталған жұмыс. Өйткені ауылдағы әрбір игі іс көршіге үлгі, жастарға өнеге болады. 70 қоғамдық ұйымды оқыту тұтас бір әлеуметтік желіні қалыптастыруға жасалған алғашқы қадам. Осы қадамды дұрыс бағытқа бұру – ел болашағына салынған ең үлкен инвестицияның бірі.
Сұхбаттасқан Айнұр ЖҰМАХАН