Қазақстандағы сүт шаруашылығы жайлы сөз қозғасақ, ең алдымен ойға келетін дүние экономикалық тәуелсіздік. Күнделікті дастарқанға келетін азық-түліктің отандық болғанын жұрттың бәрі қалайды. Біздің ел ондаған жыл бойы сырттан келетін ұнтақ сүтке, ұзақ сақталатын қораптағы импортталған сүт өнімдеріне тәуелді болғаны жасырын емес. Енді дүкен сөрелерінде тұрған әрбір литрдің артында жергілікті фермердің маңдай терін байқауымыз керек. Соңғы жылдары жағдай өзгеріп, Қазақстан сүт нарығында жаңа кезең басталды.
Мемлекет сүт өндіруді арттырудың бірден-бір жолы – тауарлы сүт фермаларын құру екеніне көз жеткізді. Биылдың өзінде 65 жаңа ферма салуға несие мен субсидия берілген. Ал агроқаржы институттары 100 млрд теңгені 10 жылға небәрі 2,5 пайыздық мөлшерлемемен бөлуге дайын. Бұл – ауылдағы адамдар үшін жаңа жұмыс орны, жергілікті нарық үшін жаңа өнім, ең бастысы импортқа тәуелділіктен құтылудың даңғыл жолы.
Әсіресе Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде жайылым, су, жемшөп, логистика сынды инфрақұрылым жеткілікті. Яғни, табиғи жағдай бізге мол мүмкіндік ұсынып тұр.
Бүгінде сүт өндірісі сиырды сауып, сүтті зауытқа өткізе салатын қарапайым процесс емес. Әрбір литрдің артында күрделі еңбек, білікті маманның қолтаңбасы тұр. Рацион құру, гигиенаны сақтау, салқындату және тасымалдау жүйесін ұйымдастыру, сапаны саралау, төлем тетігін реттеу ісі синхронды жұмыс істеуі керек.
Бүгінгі таңда фермерлер алдында ең үлкен қиындықтардың бірі – тұрақты шикізат тапшылығы. Өңдеушілер тұрақты әрі сапалы сүтті көбірек талап етеді, ал фермерлердің әлеуеті бұл сұранысты толық жабуға әлі жете қойған жоқ.
Жемшөп мәселесі де шешуші рөл атқарады. Бірінші кезекте шаруалар жоңышқа, жүгері силосы, көпжылдық шөптердің ротациясын дұрыс жоспарлауы тиіс. Екіншісі, су мен энергияны үнемдеп пайдаланып, тоңазытқыштың, желдеткіштің қуаты есепке алынуы тиіс. Үшіншісі, сүтті микродеңгейде өңдеп, ферма жанында кептіру, престеу, сақтау логистикасын дамыту да үлкен маңызға ие.
Тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Роботтандыру қанша дамыса да, зоотехник, ветеринар, технолог пен операторсыз ферма толыққанды жұмыс істей алмайды. Қазіргі колледждер мен университеттердің бағдарламасы «заманауи фермаға» қажетті модульдерді жеткілікті қамтымайды. Дуальды оқыту жүйесі әлі де әлсіз. Осы олқылықты фермерлер өз бетінше жоюға тырысып жүр. Шаруалар ферма ішінде шағын оқу орталықтары ашып, қысқа сертификаттық курстар ұйымдастыруда. Зауыттар да мамандарды қайта даярлауға қатысып, ортақ тренингтер өткізуде. Бұл сала ішіндегі құрылымдық өзгерістердің белгісі деуге болады.
Жабдық пен стандарттарға келсек, «еуропалық үлгі» ұғымын тек қымбат техника деп түсінуге болмайды. Ол – биоқауіпсіздікті сақтау, антибиотик қалдықтарын қатаң бақылау, көңді дұрыс утилизациялау, еңбек қауіпсіздігі, малдың әл-ауқатын қамтамасыз ету деген сөз. Жайлы қора, төсеніш, қолайлы микроклимат, жұмысшылардың қауіпсіздігі – барлығы сапаның кепілі. Әрине, мұның бәрі өнімнің өзіндік құнын сәл арттырады. Бірақ сонымен бірге нарыққа сенімділік береді. Зауыт тұрақты әрі сапалы шикізатқа ие болса, дүкен сөресінде тұрған өнімнің де тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.
Сүт нарығы Қазақстан үшін жай ғана ауыл шаруашылығының бір саласы емес. Бұл – халықтың азық-түлік қауіпсіздігі, ауылдағы әлеуметтік жағдай, жұмыс орындары мен экономикалық тұрақтылықтың өлшемі. Импортқа сүйеніп отырған кезең артта қалуы тиіс. Өз қолымыздағы мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, тауарлы сүт фермаларын жүйелі түрде дамытсақ, қазақтың дастарқанына күн сайын жергілікті, сапалы әрі табиғи сүт өнімдері жетеді.
Айнұр Жұмахан