Еліміздің Ата заңына 30 жыл толуына орай облыс әкімдігі және Жетісу университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Конституциясы – заңдылық пен қоғамдық тәртіптің негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған білім ордасының оқытушы-ғалымдары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, құқық саласының қызметкерлері және облыс әкімінің орынбасары Диас Есдаулетов қатысты.
Жиынды Жетісу университетінің Басқарма төрағасы-ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев ашып, Конституция күнімен құттықтады.
– Конституция – мемлекетiмiздiң келбеті мен келешегін, құрылымын айқындаған, барлық заңдарға бастау болған маңызды құжат. Ол ел Егемендігінің нығайып, Тәуелсiздiгiнiң баянды болуының негiзiн қалаған Қазақ мемлекеттiлігiнiң мызғымас заңы. Ата Заңымыздың негiзiнде халықтың еркiндiгi, теңдiгi, татулығы артып, бейбiтшiлiк қоғам құрған елiмiз дамып келеді. Барлық заңның бастамасы болған Конституция күні құтты болсын. Отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін! – деді.
ҚР Сот әкімшілігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әбілсейіт Түлкиев «Тәуелсіздік тірегі – Ата заңға 30 жыл» тақырыбында баяндама оқыды. Жетісу университетінің Құрметті профессоры, құқық саласының ардагері, полиция полковнигі, оқытушы-дәріскер Болат Молдабеков, Құқықтық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері, тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Тинистанова Конституцияның даму тарихы жөнінде баяндама жасады. Жарыссөзге өңіріміздің әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласып жүрген қоғам қайраткерлері Жомартқали Жексембинов, Наурыз Қылышбайұлы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының басшысы Ермек Келемсейіт шығып, Ата заң барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына берік діңгек екенін атап өтті. Конференция жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдаулетов Конституцияның мән-мағынасын ашып, оның құндылығын дәріптеуде мұндай конференцияның қажет екенін айтып, жетісулықтарды мерекемен құттықтады.