«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов «Қазақтелеком» мен «Қазақстан темір жолын» жекешелендіруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жақыповтың айтуынша, аталған компаниялардың акцияларын нарыққа шығару тек қолайлы нарық жағдайына тәуелді.
«Бәрі нарықтағы ахуалға байланысты. Нақты мерзімін айту қиын. Бекітілген жекешелендіру жоспары бар, біз соған сай әрекет етеміз.
Ұлттық компанияларды сатудың қиындығы сол бір жағынан мемлекет мүлкін ең жоғары бағаға өткізу керек, екінші жағынан барлық тәуекелдерді ескеруге тиіспіз.
Былайша айтқанда орайлы, қолайлы кезең туса ғана активтерді тиімді бағамен сатуға мүмкіндік болады», – дейді Жақыпов.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов те депутаттық сауалға жауап беріп, «Самұрық-Қазынаның» бірнеше ұлттық компаниялардың капиталынан шығуды қарастырып жатқанын айтқан болатын.