Коммерциялық банк үш жыл мерзімге 750 млн юань көлеміндегі синдикатталған қарызды рәсімдеп, елдегі қаржы нарығы үшін тың белесті бағындырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Синдикатталған несиеге бес ірі халықаралық банк қатысқан. Жетекші ұйымдастырушылар ICBC Standard Bank plc / ICBC Almaty JSC, First Abu Dhabi Bank және Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі. Мәмілеге қазақстандық Altyn Bank те атсалысты.
Бұл қадамның қаржылықтан бөлек, саяси-экономикалық астары да бар.
ForteBank-тың юаньмен қорлануы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты тереңдетіп, отандық нарықта доллар мен еуроның үстемдігін төмендетуге жол ашады.
Тартылған қаржы металлургия, өндіріс және басқа да стратегиялық салалардағы ірі инвестициялық жобаларға бағытталмақ. Бұл өз кезегінде заманауи технологиялардың енгізілуіне, өндіріс қуатының жаңаруына және ел экономикасының халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
«ForteBank-тың юаньмен синдикатталған қарыз тартуы – біздің халықаралық нарықтағы беделіміздің көрсеткіші. Бұл қадам біз үшін қаржыландыру көздерін әртараптандырып, Қытаймен және өзге де шетелдік әріптестермен жұмыс істейтін клиенттерімізге жаңа мүмкіндіктер ашады», – дейді ForteBank басқарма төрағасы Талғат Қуанышев.
Жалпы мәмілеге халықаралық инвесторлар аса қызығушылық танытқан, тіпті алғашқы жоспарланған көлемнен екі есе артық қаржы жинауға мүмкіндік болған.
Айта кетейік, ForteBank Қазақстандағы корпоративті және жеке клиенттерге қызмет көрсететін ірі қаржы институттарының бірі. Банк соңғы жылдары цифрлық трансформацияға басымдық беріп, халықаралық стандарттарға сай корпоративтік басқаруды қалыптастыруда.