Қазақстанда балалар денсаулығын қорғау мен қауіпсіздігін сақтау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде балаларға арналған медициналық көмекті күшейту, соның ішінде онкогематологиялық аурулар кезінде көрсетілетін мамандандырылған көмекті дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр.
Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында балалар онкогематологиясына жүйелі қолдау көрсетілуде. Негізгі назар материалдық-техникалық базаны нығайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтуды жақсартуға және балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталық құруға аударылған. Соның арқасында диагностика мен емдеудің жаңа тәсілдері практикаға енгізілді. Қазір иммуногистохимия, иммунофенотиптеу, онкомаркерлерді анықтау, сүйек пен жұмсақ тін саркомалары кезінде жоғары дозалы химиотерапия, 3D-модельдеу және «өсіп келе жатқан» эндопротездерді қолданатын ағза сақтайтын операциялар жасалып келеді.
Соңғы жылдары осы бағытта нақты нәтиже қалыптасты. Жыл сайын 556 төсек қоры негізінде шамамен 5 мың бала ем алады. 2013 жылдан бері 529 гемопоэздік дің жасушасын трансплантациялау жасалған. Көз торы ісігіне шалдыққан балаларға 90-нан астам селективті интраартериялық химиотерапия жүргізілді. Жыл сайын 70-тен аса сүйек кемігін трансплантациялау және сүйек ісіктері кезінде 15 буын эндопротездеу отасы орындалады. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – онкогематологиялық дертке шалдыққан балалардың бес жылдық өмір сүру деңгейі 70 пайызға жетті. Бұл халықаралық стандартқа сай келеді.
Жоғары технологияның енгізілуі тағы бір маңызды өзгеріске жол ашты. Балаларды шетелге емге жіберу көлемі екі есеге азайды. Егер 2019 жылы шетелде 36 технология түрі бойынша көмек көрсетілсе, қазір ондай қажеттілік 19 технологиямен шектеліп отыр. Демек күрделі көмектің елеулі бөлігі ел ішінде көрсетіле бастады.
Қолдау еммен ғана тоқтамайды. Қазақстанда операция мен трансплантациядан кейін балалардың қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасайтын оңалту бағдарламалары дамып келеді. Сонымен бірге паллиативтік көмекті жүйелеу үшін нормативтік-құқықтық база да кезең-кезеңімен қалыптастырылуда. Яғни денсаулық сақтау жүйесі тек диагноз қойып, емдеумен шектелмей, бала мен отбасының ұзақ мерзімді өмір сапасына да көңіл бөліп отыр.
Контекст
Инфрақұрылым бағыты да күшейіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігі қазір бірнеше ірі жобаны қатар іске асыруда. Ұлттық онкология орталығы базасында Орталық Азиядағы балаларға арналған жалғыз Протон орталығы салынып жатыр. UMC құрылымында 350 орындық балалар хирургиясы корпусы бой көтеруде. Оған қоса Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жанынан 500 төсекке арналған республикалық педиатриялық клиника салуға арналған жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Оның 200 төсегі балалар онкологиясы мен гематологиясы орталығына арналмақ.
Осындай шешімдер педиатрияның негізгі бағыттарын бір заманауи кешенде шоғырландыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында медициналық көмектің сапасы артып, мамандандырылған қызметке қолжетімділік кеңейеді. Қоса алғанда жоғары білікті кадр даярлауға да жаңа жағдай қалыптасады.
Бүгінде Қазақстанда шамамен 7 миллион бала тұрады. Бұл – ел халқының үштен бірі. Осы ауқымды ескерсек, балалар медицинасына бөлінетін қаржының 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін өсуі жай сандық өзгеріс қана емес. Ол мемлекеттің ұрпақ денсаулығына стратегиялық деңгейде қарай бастағанын көрсетеді. Заманауи орталықтар салу, шетелдік емге тәуелділікті азайту, жоғары технологиялық көмекті қолжетімді ету – онкогематологиялық дертке шалдыққан балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







