Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде қаражат жинаған «Ақжайық» қайырымдылық қорының қызметіне қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін облыстық прокуратура Бас прокуратурамен келісе отырып, қордың қызметіне тексеру жүргізуді бастаған болатын. Қазіргі кезде тексеру уақытша тоқтатылып, істі Антикор қолға алды.
Тергеудің нақты себебі әзірге ашық айтылған жоқ, дегенмен прокуратураның мәліметінше, тергеу бастауға азаматтардан түскен арыз-шағым немесе тексеру барысында анықталған заңсыздық негіз болуы мүмкін.
«Ақжайық» қорының басшысы Тілекқабыл Имашев тексерістен қауіптеніп отырмағанын айтып, Антикор жиналған қаржының мақсатты жұмсалуын тексеріп жатқанын жеткізді.
– Біреу арыз жазған шығар, алайда бізде ешқандай қобалжу жоқ, – дейді Имашев.
Айта кету керек, биылғы су тасқынынан кейін қор БҚО әкімдігі және демеуші компаниялармен үшжақты келісімге отырған еді. Осы келісім бойынша қорға түскен қаржы облыс пен қала әкімдіктерінің ұсынған құжаттарына сай таратылған.
Ал қаражатты бөлу мен мақсатты жұмсау жауапкершілігі толықтай әкімдікке жүктелген.
Ресми дерек бойынша, қор тасқын зардабын жою үшін 73,5 миллиард теңге жинаған. Бұл қаражатқа баспанасынан айырылғандарға 2011 пәтер мен 777 үй сатып алынып, 19 бөгет қалпына келтірілген.
Қор жетекшісі Тілекқабыл Имашев бұрын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2017 жылы ол «Ақжайық» қайырымдылық қорын жеке меншігіне алған болатын.