Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Halyk Bank-тің атауын сынға алып, банктің брендін Тимур Құлыбаевтан тартып алуды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа банк заңын талқылауға арналған жиында депутат Қазақстандағы қаржы нарығының қазіргі жағдайын сынға алып, шетелдік тәжірибені мысал етті.
Оның пікірінше, қаржы саласындағы мемлекеттік қатысудан қашудың қажеті жоқ, себебі әлемнің жетекші елдерінде жүйеқұраушы банктер мемлекет меншігінде. Депутат Германия мен Францияны мысалға келтіре отырып, банк жүйесіндегі мемлекеттік бақылау ұлттық қауіпсіздіктің кепілі деп санайды.
«Бізге ұзақ жылдар бойы банк секторы толықтай жекеменшік болуы тиіс деген ұғымды сіңірді. Ал шындығына келгенде, Германия, Франция және Еуропаның өзге де дамыған елдерінде банк жүйесі мемлекет қолында тұр. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі», – дейді депутат.
Бұдан әрі Бәшімов Қазақстандағы банк атауларына тоқталып, Halyk Bank брендін сынға алды. Оның пікірінше, Құлыбаевтың банкке «Халық» деген атауды беруі дұрыс емес, өйткені Конституция бойынша халық атынан тек ресми мемлекеттік органдар ғана әрекет ете алады.
«Бізде Азаматтық кодекс бар. Ол бойынша елдің немесе халықтың атын жекеменшік құрылымдардың пайдалануына рұқсат жоқ. Халық атынан сөйлеуге тек конституциялық мәртебесі бар ұйымдар құқылы.
Ал бұл банктің «Халықтық» деп аталуы заң тұрғысынан қаншалықты дұрыс? Бұл атау халықты шатастырып отырған жоқ па? Бұған кім рұқсат берген?
Әділет министрлігі банк атауларын қайта қарап, мұндай мәселелерді заңмен реттеуі тиіс», – деп ашуланды депутат.
Марат Бәшімовтың ұсынысына жауап берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәселенің заң тұрғысынан тексерілетінін айтты.
Ол банктердің «халықтық-патриоттық» атауларын қолдану туралы нақты құқықтық ұстаным жоқ болса, мәселенің назарға алынатынын жеткізді.
Жиында шетелдік банктерді Қазақстанға көптеп тарту жайы да сөз болды. Әбілқасымованың айтуынша, жаңа заң жобасы шетелдік қаржы ұйымдарының елімізде жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды.
Соңғы уақытта бірқатар шетелдік банктер Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр. Агенттік осы бағытта шетелден келетін инвестицияларды тартуға мүдделі.