Іле ауданының саяжайында тұратын халық көптен бері балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалмағанына алаңдап келген еді. Жаңа қоныстардағы басты мәселе – мектепке қатынас қиындықтары, балалардың таңнан кешке дейін жол машақатын тартып жүргені белгілі. Қарапайым ауыл тұрғындары балаларының мектепке жетуі олардың қауіпсіздігіне, уақытты үнемдеуіне, ең бастысы – білім сапасына тікелей әсер етіп жатқанын айтқан-ды.
Саяжай тұрғындарының үнін естіген Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым арнайы келіп, халықпен ашық жүздесті. Кездесу барысында құр уәде беріп қана қоймай, бірден іске асатын нақты шешімдер ұсынылды.
16 қыркүйектен бастап қосымша үш автобус жолға шығарылып, маршрут 1,5 шақырымға ұзартылып, тікелей тұрғындар тұратын аумаққа дейін баратын болды. Бұл – ата-аналар үшін үлкен жеңілдік, балалардың жолға кететін уақыты қысқарып, қауіпсіздігі күшеймек.
Жоспардың тағы бір маңызды тұсы – 2026 жылы осы саяжайға ауылдық округ мәртебесінің берілуі. Мұның саяси да, әлеуметтік те маңызы зор. Өйткені ресми мәртебе берілгеннен кейін мектеп, балабақша, медициналық пункт секілді нысандарды заңды түрде салуға мүмкіндік ашылады. Яғни бүгінгі уақытша шешім ертеңгі тұрақты инфрақұрылымға жол ашады. Бұл – тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық.
Кездесуде сөз алған белсенділер биліктің назарын дер кезінде бұрғанына ризашылықтарын білдірді. «Мерей» саяжайының тұрғыны Ерлан Жансейітұлы халықтың ішкі көңіл күйін дөп басып жеткізді:
– Біздің мәселемізге көңіл бөліп, нақты шаралар қабылдағандарыңызға ризашылық айтамыз, – деді. Бұл алғыс сөздер халықтың сенімінің артқанын, ашық диалогтың нәтижелі болғанын аңғартады. Тұрғындар үшін билік пен халықтың арасындағы осындай тікелей байланыстың орны бөлек.
Мемлекеттік биліктің халыққа құлақ асып, мәселелерді дер кезінде шешу үлкен өзгерістерге бастайтыны анық. Балаға мектепке барудың өзі ауыр жүк болмауы керек. Бұл – қоғамның әр азаматына ортақ ой. Жаңа автобустар мен ұзартылған маршрут биліктің халық ойына құлақ асқанының нақты көрінісі. Уақыт өте келе ауылдық округ мәртебесі алынып, мектеп салынса, бүгінгі күнгі ата-аналардың тілегі орындалады.